Мысалы, баланың салмағы 30 келі болса, толық жиналған рюкзактың салмағы 3 келіден аспағаны жөн, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Денсаулық сақтау министрінің бұйрығымен белгіленген талаптарға сәйкес, оқу құралдарының ұсынылатын салмағы оқушының жасына байланысты:
- 1-3 сынып оқушылары үшін – 2 келіге дейін;
- 4-5 сынып оқушыларына – 2,5 келіге дейін;
- 6-7 сынып оқушыларына – 3,5 келіге дейін;
- 8-11 сынып оқушылары үшін – 4,5 келіге дейін.
Рюкзак таңдағанда неге мән беру керек?
Мамандар рюкзакты баламен бірге таңдап, сатып алар алдында арқасына салып көруге кеңес береді. Сөмке баланың бойына сай болып, арқаға ыңғайлы орналасуы керек.
Рюкзак таңдағанда мына талаптарға назар аударған жөн:
- жүктемені біркелкі бөлетін кең әрі жұмсақ иықбаулар;
- арқаны дұрыс ұстап тұратын тығыз арқа бөлігі;
- ұзындығы реттелетін иықбаулар;
- қараңғы уақытта баланың көрінуін қамтамасыз ететін жарық шағылыстыратын элементтер;
- берік әрі су өткізбейтін материал.
Сонымен қатар бос рюкзактың салмағы да маңызды. Министрлік мамандары оның салмағы 1 келіден аспағаны дұрыс екенін айтады. Рюкзак тым үлкен болмауы және белден төмен түспеуі керек.
Артық заттарды салмаған дұрыс
Мамандар ата-аналарға рюкзактың ішін тұрақты түрде тексеріп отыруды ұсынады. Сабаққа қажет емес ойыншықтар, артық дәптерлер, кітаптар мен басқа да заттарды үйде қалдырған жөн. Баланы рюкзакты екі иығына қатар асып жүруге үйрету де маңызды. Бұл салмақты біркелкі бөлуге көмектеседі.
Егер мектепте мүмкіндік болса, оқулықтар мен оқу құралдарының бір бөлігін сыныпта қалдыруға болады. Негізгі қағида – рюкзак баланың бойына сай әрі ыңғайлы болуы, ал толық салмағы оқушының дене салмағының 10%-ынан аспауы керек.
Бұған дейін биыл мектеп табалдырығын аттайтын балалардың саны туралы жазған болатынбыз.