"Оқырман формулярын екі рет жаңартқан": Елордада 800 кітап оқыған мектеп оқушысы тұрады

Кітапқұмар жас – Ы.Алтынсарин атындағы №83 мектеп-гимназияның 11-сынып оқушысы Батыр Балтабеков.

"Оқырман формулярын екі рет жаңартқан": Елордада 800 кітап оқыған мектеп оқушысы тұрады Фото: Астана қаласының әкімдігі

Ол 3 жылда қазақ және шетел классиктерінің шығармаларын, яғни 800 кітап оқыған. Қазір өзі де шығармашылыққа ден қойып жүр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Батырдың сүйікті авторларының қатарында Мұхтар Әуезов, Абай және Мұқағали Мақатаев бар. Ол қазақ және орыс тілдерінде кітап оқығанды ұнатады.

Оның кітап оқуға әуестенуіне отбасы да әсер еткен. Үйінде оқыған шығармаларын әдебиетке жақын әжесімен жиі талқылайды.

Ол "Кітап оқитын ұлт" республикалық марафонына да қатысып жүр. Қорытынды емтихандарға дайындалса да, жобаға уақыт табуға тырысады.

Батырдың сынып жетекшісі Нұрбек Шалғынбай оқушының білімге құштарлығы мен әдебиетке ықыласы ерекше екенін айтады.

– Батыр шағын мақалалар мен өлеңдерден бастап көлемді романдарға дейін түрлі жанрдағы шығармаларды оқиды. Оның білімге деген құштарлығы өте жоғары.

Әдеби байқаулар мен шығармашылық сайыстарға жиі қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүр. Өзі де өлең жазады. Қазір оның 100-ге жуық туындысы бар, – дейді ұстазы.

№83 мектеп-гимназияның кітапханашысы Әсия Әбілдинаның сөзінше, ол төртінші сыныптан бері кітапханаға тұрақты келіп жүр. Осы аралықта оның оқырман формулярын екі рет жаңартуға тура келген.

– Ол – кітапханамызға жиі келетін ең белсенді оқырмандардың бірі. Үнемі кітап алып тұрады. Көбіне көркем әдебиет пен классикалық шығармаларды оқиды. Әсіресе, Мұқағали Мақатаевтың туындыларын жақсы көреді. Оның отбасы да кітап оқуға құмар. Бұл баланың әдебиетке қызығушылығына әсер ететіні сөзсіз, – дейді Әсия Әбілдина.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу