Оқиға 25 қыркүйекте Алматы – Астана бағытындағы рейске жолаушыларды отырғызып жатқан кезде болған. Ер адам әуе кемесінен өз бетінше шығып, перронға жүгіріп кеткен. Осылайша, ол авиациялық қауіпсіздік талаптарын бұзған, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Осыған байланысты жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ұшақтағы барлық жолаушы сыртқа шығарылып, тиісті рәсімдер жүргізілді. Соның салдарынан рейстің ұшуы кейінге шегерілді.
— Медициналық куәландыру нәтижесінде ер адамның жеңіл дәрежеде алкогольдік масаң күйде болғаны анықталды. Тексеру қорытындысы бойынша ол Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 5-бабы бойынша әкімшілік жауапқа тартылды, — делінген хабарламада.
Атап айтқанда, спортшы қоғамдық орында масаң күйде болғаны, тыйым салынған жерде темекі шеккені, ұшу қауіпсіздігі талаптарын және әуе кемесінің бортындағы тәртіп ережелерін бұзғаны үшін және ұсақ бұзақылық жасағаны үшін жауапқа тартылды.
Сот шешімімен Данияр Елеусінов 10 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды.