Олжас Бектенов Алатау қаласының инвестициялық және инфрақұрылымдық жобаларымен танысты

226

Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі мәлім етті.

Олжас Бектенов Алатау қаласының инвестициялық және инфрақұрылымдық жобаларымен танысты Фото: Үкімет

Премьер-министр Олжас Бектенов Алматы облысына жұмыс сапары аясында Мемлекет басшысының "Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу" атты Қазақстан халқына Жолдауында Алатау қаласының базасында инвестицияларды, технологияларды және іскерлік белсенділікті тартудың жаңа полюсін қалыптастыру бойынша қойған міндеттерін жүзеге асыру барысымен танысты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков пен Алматы облысы әкімінің орынбасары Рустам Исатаев Премьер-министрді Алатау қаласының аумағындағы инвестициялық жобалардың жүзеге асырылу барысы, қала құрылысы мен инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға дайындық туралы, сондай-ақ өңірді электр энергиясымен қамтамасыз ету, оның ішінде қажеттіліктерді ескере отырып жаңа өндірістерді іске қосу бойынша хабардар етті.

ҰЭМ деректері бойынша бүгінгі таңда Алатаудың Бас жоспарына түзету енгізілді, инженерлік желілердің салалық схемалары, егжей-тегжейлі жоспарлау жобалары және инфрақұрылымдық дамудың Жол картасы бекітілді. Жол картасының бірінші кезеңі 365,1 млрд теңге сомасына 21 жобаны жүзеге асыруды көздейді. 2026-2027 жылдары қосалқы стансаларды, су жинау торабын және газ құбырларымен қатар, инженерлік инфрақұрылымның қолданыстағы нысандарын реконструкциялау мен жаңа объектілер салу жоспарланған. 2028-2030 жылдардағы екінші кезең 312,5 млрд теңгеге 9 жобаны қамтиды, оның ішінде екі қосалқы станса, автоматтандырылған газ тарату стансасы бар газ құбыры, кәріз тазарту және 49 шақырым автомобиль жолдарының құрылысы қамтылады.

Тұтастай алғанда, 2050 жылға дейін инвестициялардың жалпы көлемі 10,4 трлн теңге деңгейінде инфрақұрылымдық жобалар пулы қалыптастырылды, оның 3,1 трлн теңгесін 2030 жылға дейін жүзеге асыру жоспарланып отыр. Инфрақұрылымды дамыту бюджет қаражаты есебінен ғана емес, сонымен қатар жеке инвестициялар мен EPC-келісімшарттарды тарта отырып қамтамасыз етіледі.

Сондай-ақ тартылатын инвестициялар туралы ақпарат ұсынылды. Бүгінде жалпы құны 1,5 трлн теңге болатын 32 инвестициялық жоба қалыптастырылды. Аталған жобалардың 20-сы белсенді жүзеге асыру сатысында, оның 8-і – логистика, 6-уы – құрылыс және өнеркәсіп, 3-уі – туризм, 3-уі – тамақ өнеркәсібі саласында. Бұл жобаларды жүзеге асыру шамамен 1,2 трлн теңге инвестиция тартуға және 22 мыңнан астам жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретіні атап өтілді.

Тамақ өнеркәсібі саласында Олжас Бектенов инвестицияларының жалпы көлемі шамамен $360 млн болатын PepsiCo Central Asia ауқымды жобасы бойынша жұмыстардың қарқынымен танысты. Жоба екі кезеңмен жүзеге асырылуда және қосылған құнның жаңа тізбегін қалыптастыруға, агроөнеркәсіптік кооперацияны дамытуға, ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау мен өңдеудің заманауи технологияларын енгізуге бағытталған. 900-ге дейін жұмыс орнын құру жоспарлануда, кәсіпорынның өндірістік қуаты 21 мың тоннаны құрайды.

Премьер-министр Алатау қаласында "Mars Petcare Kazakhstan" ЖШС-нің үй жануарларына арналған дайын азық өндіру зауытына барды. Өндірістерді локализациялау және қайта өңдеу өнеркәсібін дамыту саясаты шеңберінде жүзеге асырылып жатқан жоба жылдың ортасында басталады.

Iconic Towers зәкірлік жобасына арнайы назар аударылды. Оны салу туралы келісімге 2025 жылдың қыркүйегінде Мемлекет басшысының Қытайға мемлекеттік сапары аясында қол қойылған болатын. Инвестиция көлемі $800 млн-нан асады. Архитектуралық тұжырымдаманы әзірлеу үшін америкалық SOM компаниясы тартылды. Кешеннің жалпы ауданы 276,8 мың шаршы метрді құрайды және оған екі мұнара, кеңселер, пәтерлер, қонақ үй мен сауда орындары кіреді. Жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуді 2027 жылдың сәуіріне дейін аяқтау жоспарлануда, құрылыс жұмыстарын биылғы мамыр айына бастап, 2029 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарлануда.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу