Олжас Бектенов Павлодардағы Data Center Valley жобасын жеделдетуді тапсырды

215

Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі мәлім етті.

Олжас Бектенов Павлодардағы Data Center Valley жобасын жеделдетуді тапсырды Фото: Үкімет

Премьер-министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың цифрлық экономиканы және тиісті инфрақұрылымды дамыту жөніндегі тапсырмаларын орындау шеңберінде Павлодар облысында "Деректерді өңдеу орталықтары алқабы" (Data Center Valley) жобасын жүзеге асыру барысы туралы жиын өткізді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Жүргізіліп жатқан жұмыстар жөнінде Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев, "Қазақтелеком" АҚ басқарма төрағасы Бағдат Мусин баяндады. 

Қуаты 50 МВт болатын "ДӨО алқабының" бірінші нысанының құрылысы қарқынды жүруде, энергия орталықтары мен AI-фабрикалардың ғимараттарына арналған қазаншұңқырларды әзірлеу бойынша жұмыстар 90%-ға аяқталды, энергия орталықтарының іргетасы қалана бастады, әкімшілік-тұрмыстық үй-жайлар салынуда.

2026 жылдың желтоқсан айының соңына дейін дата-орталық пен энергоблоктардың, әкімшілік-тұрмыстық кешеннің, бақылау-өткізу пункттерінің, сыртқы инженерлік желілердің бір бөлігінің негізгі корпустары тұрғызылатын болады. Іске қосу-жөндеу жұмыстары 2027 жылдың мамыр айында аяқталады. Бірінші нысанды пайдалануға беру 2027 жылғы маусымға жоспарланған.

Сонымен қатар алаңның инженерлік инфрақұрылымы да дамуда. Жобаны энергиямен жабдықтау үшін қуаты 215 МВт болатын қосалқы станса сатып алынды, сумен жабдықтау желілерінің жобасы әзірленді және телекоммуникациялық инфрақұрылымның жобасы жасалуда. Құрылыс алаңында жұмыс барысын тәулік бойы бақылауға мүмкіндік беретін онлайн-бейнебақылау жүйесі жұмыс істейді. Data Center Valley-дің ұзақмерзімді энергетикалық әлеуеті жалпы қуаты 1 ГВт-қа дейін кезең-кезеңімен кеңейе бермек.

Бұл жоба – деректер орталықтарын, AI-фабрикаларды, GPU-кластерлерді және халықаралық гиперскейлерлердің бұлтты платформаларын орналастырып, оларды одан әрі кеңінен таратуға  арналған алаң. Оны жүзеге асыру Қазақстанда цифрлық экономиканың экспортқа бағдарланған жаңа секторын құрып, жасанды интеллект саласындағы отандық шешімдерді әзірлеу үшін IТ-инфрақұрылымды қамтамасыз етеді.

"Data Center Valley Қазақстанның жаңа экспорттық әлеуетін қалыптастырады. Есептеу қуатын ел ішінде орналастыра отырып, біз отандық AI-шешімдерді дамытуға, жаһандық компанияларды тартуға және Қазақстанның халықаралық цифрлық қызметтер нарығына шығуына жағдай жасаймыз", – деп атап өтті Жаслан Мәдиев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу