33 жастағы Филиппин азаматы амнистиямен мерзімінен бұрын босатылып отыр, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Өңірлік ҚАЖД хабарлауынша, шетелдік әйел Қазақстанға 5 жыл бұрын жұмыс істеуге келген. Жазасын әйелдер колониясында өтеп жүрген кезінде тігіншілік мамандығын меңгеріп, қазақ тілін үйренген.
– Осы уақыт ішінде көп нәрсені ой елегінен өткіздім. Бостандықтың, отбасының және жақындардың сенімінің қаншалықты маңызды екенін түсіндім, – деді жазасын өтеуші.
Амнистия туралы заңға сәйкес, сотталған әйел жазасының қалған бөлігін өтеуден босатылды. Оны колониядан шыққан кезде көші-қон қызметінің өкілдері күтіп алды. Енді олар әйелді Қазақстан аумағынан шығару рәсімін жүргізеді.
Әйелдің айтуынша, Филиппинде оны анасы мен сіңлісі күтіп отыр. Бес жыл бойы жақындарын көрмеген ол үйіне оралып, жұмыс тауып, өмірін қайта бастағысы келетінін айтты.