Өмірзақ Шөкеев: Түркістанды жаңа дәуірде басқаруды маған Жаратушыдан бұйырған бақ деп санаймын

605

"Алдағы уақытта да Мемлекет басшысының бастаған “Жаңа Қазақстан” құру жолында жауапкершілікпен табысталатын қызметтерді абыроймен атқарып, игілікті істер жалғасатынына сенемін",- дейді Өмірзақ Шөкеев.

Өмірзақ Шөкеев: Түркістанды жаңа дәуірде басқаруды маған Жаратушыдан бұйырған бақ деп санаймын

Түркістан облысын 3 жыл, 6 ай бақарған Өмірзақ Шөкеев әкім кезінде қандай жұмыстар атқарылғанына тоқталып, "әріптестеріне, облыс жұртшылығына осы жемісті, тың тәжірибеге толы жылдар үшін айрықша алғыс" айтты, деп жазады inbusiness.kz.

"Тарихы тереңде жатқан Түркістан қаласы осыдан төрт жыл бұрын облыс орталығы болып, Түркістан облысы құрылды. Жаңа облыс орталығын ел таңданатындай тамаша шаһарға айналдыру үшін жүйелі жоспарлар мен межелі мақсаттар түзілді. Қызу құрылыс, қайнаған тіршілік басталды. Дәл сол сындарлы сәтте менің мойныма жаңа облысты басқару жауапкершілігі жүктелді. Бұл – мен үшін саясаттағы келесі бір қадамым ғана емес, осы топырақтың тумасы ретіндегі перзенттік парызымды өтеуге берілген мүмкіндік еді. Бірнеше облыстар мен жауапты министрліктердегі тәжірибем мен туған жерімнің қолдауы осы қызметте еңбек етуге жол ашты. Ең алдымен Түркістан қаласын Түркі жұртының рухани-мәдени орталығына айналдыру бағытында жан аямай еңбектендік. Қаланың тарихи келбетін сақтай отырып, жаңа бейнесін қалыптастыру – алға қойған алғашқы мақсатымыз болатын. Осы рухани шаһардың топырағында дүниеге келген мен үшін бұл жұмыстарды атқару – зор мәртебе болды. Қазіргі таңда Түркістан еліміздің ғана емес, күллі Түркі дүниесінің рухани жауһарына айналып, әлем көз тіккен ажарлы шаһарға айналды",- деп жазды Өмірзақ Шөкеев әлеуметтік желідегі парақшасында.

Экс-әкім Арыс, Мақтааралда болған төтенше жағдайларды еске салып өтті, айтуынша бұл жағдайлар жеке басы үшін ғана емес, бүкіл өңір үшін ауыр сынақ болған.

"Үкімет тарапынан қолдау болды. Ол үшін Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа, Үкімет басшылығына алғыс айтамын",- дей келе, ол "әкім ретінде де, осы елдің ұлы ретінде де экономиканы көтеріп, руханиятқа серпіліс болатындай дүние жасадық" деген пікірде екенін жеткізді.

"Жасыл белдеу", қаланы суландыру, тұрғын үйлер санын ұлғайту сынды жобалар да – Түркістанның тұрғындары мен қала қонақтарына қолайлы қала болуы үшін жасалған көп жылғы жоспарлар қатарында екендігі айтылды.

"Түркістанда дүниеге келіп, Түркістанды жаңа дәуірде басқаруды маған Жаратушыдан бұйырған бақ деп санаймын. Менің облыс басшылығына келген 3 жыл, 6 ай уақытым Сіздердің көз алдарыңызда өтті. Ақылдасып, кеңесе отырып жемісті жұмыс атқардық деп ойлаймын",- дей отырып, экс-әкім бірге қызметтес болған барша әріптестеріне, облыс жұртшылығына айрықша алғысын білдірді.

Айтуынша, Түркістан әкімі болып тағайындалғанда ең бірінші "қысқа мерзім ішінде Түркістан қаласын түркі әлемінің мәдени-рухани орталығына айналдыру міндеті" тұрған. Дегенмен, Өмірзақ Шөкеев облыстың басқа да мәселелері назардан тыс қалмағандығын, ауқымды жұмыстар атқарылғанын айтады: "Түркістан қаласының негізгі әлеуметтік инфрақұрылымы қаланды. Ауыз су, табиғи газбен және ағын сумен қамтамасыз ету мәселесі түбегейлі шешілді. Экологиясы жақсарып, қала аумағы абаттандырылып, көгалдандырылды. Тұтастай 100 мың адамға арналған көпқабатты тұрғын үй салынды. Жалпы өңірлік өнім көлемі 1,5 есеге өсім, 2 трлн. теңгеден асты. Экономикаға тартылған инвестиция 2 есеге артып, 660 млрд теңгеге жетті. Түркістанды дамыту өз кезегінде құрылыс жұмыстарының қарқындап өсуіне, қосымша жұмыс орындарының ашылуына оң ықпал жасады. Қанағатты жағдайдағы жергілікті маңызы бар жолдардың үлесі 87%-ды құрап, республикада жоғары көрсеткішке ие болды. Бюджет көлемі 2 есеге көбейіп, 1 трлн теңгеден асты. Арыс қаласы мен Мақтаарал ауданында орын алған төтенше жағдайларды қайта қалпына келтіру жұмыстары толық аяқталды. Бұл қысқа мерзім ішінде қол жеткізген үлкен жеңіс деп ойлаймын".

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу