Тау-кен компаниялары үшін өндіріс көлемінің артуы әрдайым пайданың өсуін білдірмейді. Өндіріс көлемі ұлғайған кезде кәсіпорындар шикізатты ұсақтау мен дайындауға кететін шығындардың өсуіне тап болады. Ал қуаттылық шамадан тыс жүктелгенде металды алу деңгейі төмендеуі мүмкін. Бұл туралы inbusiness.kz сайтына "БАСФ Орталық Азия" ЖШС бас директоры Ростислав Камкин айтып берді.
Оның айтуынша, шығындардың негізгі себептерінің бірі – металды нақты алу деңгейінің қаржылық модельде белгіленген көрсеткіштен ауытқуы. Соның салдарынан пайдалы компоненттің бір бөлігі қалдықта қалады.
Тағы бір мәселе – жабдықтардың тоқтап қалуы. Бұл тек ақауларға байланысты емес, сонымен қатар реагенттердің дұрыс таңдалмауынан тұз шөгінділерінің пайда болуынан да болуы мүмкін.
"Кенді қайта өңдеу – өзіндік қаржылық моделі бар ағынды өндіріс. Оның өзіндік құнына кен өндіруге, логистикаға, ұсақтауға, жабдықтар мен техниканың амортизациясына, еңбек ақысына, химиялық реагенттер мен электр энергиясына жұмсалатын шығындар кіреді. Бұл ретте компанияның түпкі маржасына әсер ететін құралдары бар. Олар – операциялық шығындарды азайту, кәсіпорынның өндіріс көлемін ұлғайту және металды алу пайызын арттыру", – дейді Ростислав Камкин.
Оның сөзінше, қайта өңдеу технологиясын өзгертпей кен беруді арттыру металды алу коэффициентінің төмендеуіне әкелуі мүмкін.
"Реагенттік режимді оңтайландыру бұрыннан алынған тау жынысынан барынша көп құндылық алуға мүмкіндік береді. Реагенттерді үнемдеуге тырысу – бизнестің табыстылығының өсуіне кедергі келтіретін ең көп таралған себептердің бірі. Бұдан бөлек, бұл технологиялық шығындарға әкеледі. Арнайы химиялық өнім базалық аналогынан үш есе қымбат болуы мүмкін. Алайда оны қолдану арқылы фабрика металды алу көлемін арттырса, түскен табыс химиялық өнім бағасындағы айырмашылықты ондаған есе өтейді. Сонымен қатар күрделі немесе байытылуы қиын кенде "стандартты" реагенттер көбіне жұмыс істемейді, бұл шығынға әкеледі", – деді ол.
Камкиннің айтуынша, Қазақстанда игеріліп жатқан шикізат түрлерінің аясы кеңейген сайын оларды қайта өңдеудің әмбебап шешімдері болмайды. Елде мыс, темір, алтын, уран, вольфрам, молибден, литий және сирек жер металдарына қатысты жобалар жүзеге асырылып жатыр. Нақты кеннің үлгілерін зертханалық зерттеу арқылы қайта өңдеу технологиясын алдын ала таңдауға болады.
2025 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің базасында BASF Mining Solutions техникалық сервис зертханасы іске қосылды. Онда Қазақстандағы нақты кен орындарының кен үлгілері зерттеледі, соның ішінде флотация және гидрометаллургия процестері тексеріледі.
Зерттеулер нақты шикізаттың сипаттамалары металды алу деңгейіне қалай әсер ететінін анықтауға және технологияны өндірістік алаңда енгізгенге дейін қайта өңдеу режимін таңдауға мүмкіндік береді. Камкиннің айтуынша, бұл өндірісте шешімдерді енгізгенге дейін шикізаттың құрамын ескеруге мүмкіндік береді.
"Табиғи шикізатты қатаң стандарттау мүмкін емес. Технологиялық схема әрдайым нақты минералдық шикізатқа бейімделіп әзірленеді және кен құрамындағы кез келген елеулі ауытқу компанияның табыстылығына әсер етеді", – деп түсіндірді ол.
Оның айтуынша, нәтижесінде рентабельділікті арттыру үшін тек өндіріс көлемін ұлғайту мен инфрақұрылымды жаңғырту ғана емес, металды алу процесін дәл баптау да маңызды.