Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Ведомство мәліметінше, қызметкерлерді еңбек міндеттерін атқару кезінде жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру жүйесі 2005 жылдан бері жұмыс істейді. Ол өндірістік жарақат немесе кәсіптік ауру салдарынан денсаулығына зиян келген қызметкерлер мен олардың отбасыларына қаржылық қолдау көрсетуге бағытталған.
Сақтандыру жүйесі бойынша төлемдер еңбекке қабілеттіліктен айырылу деңгейіне қарай белгіленеді. Егер бұл көрсеткіш 5%-дан 29%-ға дейін болса, жоғалтқан жалақыны өтеу міндеті жұмыс берушіге жүктеледі.
Ал еңбекке қабілеттіліктен айырылу деңгейі 30%-дан 100%-ға дейін болған жағдайда тиісті төлемдерді сақтандыру ұйымы жүзеге асырады. Бұдан бөлек, сақтандыру есебінен емделуге, дәрі-дәрмек сатып алуға, протездеуге, бөгде адамның күтіміне және шипажайлық-курорттық емделуге жұмсалған белгілі бір шығындар өтелуі мүмкін.
Қызметкер қайтыс болған жағдайда төлемдер оның отбасы мүшелеріне және заңнамада көзделген өзге де адамдарға беріледі. Міндетті сақтандыру жүйесінің ауқымы соңғы жылдары кеңейген. Мәселен, 2021 жылы 63 мың сақтандыру шарты жасалса, 2025 жылы олардың саны 154 мыңға жеткен. Ал 2026 жылғы 15 қарашада бұл көрсеткіш 204,4 мыңды құрады.
Сақтандыру сыйақыларының көлемі өсті
2021 жылы бұл көрсеткіш 41,2 млрд теңге болса, 2025 жылы 139,3 млрд теңгеге жетті. Ал 2026 жылдың алғашқы тоғыз айында 111,8 млрд теңге сақтандыру сыйлықақысы жиналған.
Сонымен қатар жұмыс берушілерге өндірістік жарақаттанудың алдын алу және қызметкерлерді оңалту шығындарының сақтандыру сыйлықақысының 6%-ына дейінгі бөлігін өтеу мүмкіндігі қарастырылған. Бұл тетік 2024 жылдан бері қолданылады.
Сақтандыру рәсімін онлайн жүзеге асыруға болады
Биыл қазанда Мемлекеттік аннуитеттік компания жұмыс берушілерге міндетті сақтандыру шарттарын онлайн рәсімдеуге мүмкіндік беретін сервисті іске қосты. Енді сақтандыру шартын электрондық цифрлық қолтаңба арқылы қашықтан жасауға болады.
Министрлік мәліметінше, алдағы уақытта сақтандыру тарифтерін кәсіби тәуекел деңгейіне қарай саралау көзделіп отыр. Бұл жұмыс берушілерді еңбек жағдайларын жақсартуға және өндірістік жарақаттанудың алдын алуға ынталандыруға бағытталған.