Өңірлерде бірқатар жаңа өндіріс орындары ашылады

788

Болат құю, ферроқорытпа зауыттарын салу, мыс балқыту, мыстан дайын бұйымдар жасау кешенін құру сынды жобалар туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев мәлім етті, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Өңірлерде бірқатар жаңа өндіріс орындары ашылады

Ведомство басшысының айтуынша, қара металлургия саласындағы импортты алмастыру аясында жалпы қуаты жылына 1,8 млн тонна өнім болатын 4 болат құю зауытын салу жоспарланып отыр. Ол болашақта жоғары сапалы болат импортын 76%-ға қысқартуға мүмкіндік береді.

"Елімізде болат құю өндірісін дамыту әлеуеті бар. Мысалы, 12,5 млн тонна темір кені концентратын болатқа қайта өңдеуге болады. Ол үшін 1 млн тонна болат шығаратын жаңа ірі болат құю зауыты қажет. Бұл 700 мың тонна арматураны импорттауға және автолист өндірісін жолға қоюға мүмкіндік береді", – деді ҚР ИИДМ басшысы.

Сондай-ақ инвестициялық жобалар қатарында Қарағанды облысында жалпы қуаты жылына 1 млн тонна өнім болатын жартылай кокс және арнайы кокс өндіретін 2 жаңа зауыт бар. 

"Өндіріс 330 млн доллар көлемінде импортты толығымен алмастыруға мүмкіндік береді. Қосымша қара металлургияда 5 ферроқорытпа зауытын салу жоспарда бар. Түсті металлургия саласында 2025 жылға дейін 12 негізгі жобаны іске асыру көзделген. Ең маңызды жобаның бірі - жыл сайын 830 мың тонна глиноземді өңдей алатын жаңа электролиз зауытын салу. Ол бастапқы алюминий экспорты көлемін 4 есеге, яғни жылына 1,2 млрд долларға дейін ұлғайтады", – деді министр. 

Сондай-ақ жаңа мыс балқыту, мыстан дайын бұйымдар (күштік кабельдер, созба сым және сымдар, мыс құбырлары мен түтіктер) шығаратын, қорғасын шикізатын қайта өңдейтін, жоғары сапалы аммоний перренаты мен ванадий пентаоксидін шығаратын зауыттар салу жоспарланған.

Машина жасау саласында автомобиль шиналарын, тұрмыстық техниканы, жеңіл және жүк автомобильдері шанақтарының штампталған бөлшектерін, сондай-ақ автобустарды, теміржол вагон-термостарын және т.б. өнімдерді өндіру бойынша 21 негізгі инвестициялық жобаны іске асыру қарастырылған. 

Химия өнеркәсібінде 2025 жылға дейін кальцийленген сода, полипропилен, натрий цианиді және минералдық тыңайтқыштар өндірісін қоса алғанда, 18 негізгі жоба іске асырылуға тиіс.

"Құрылыс материалдары өндірісінде 890 млн долларға импорттық өнімді алмастыратын, сондай-ақ экспортты 206 млн долларға ұлғайтатын 24 негізгі жобаны іске асыру көзделеді. Керамикалық плиталар, автоклавты газоблок, жылу оқшаулағыш материалдар, сэндвич-панельдер сияқты тауар түрлері бойынша 100% импортты алмастыру жоспарланып отыр. Бұдан басқа, құрылыс материалдары индустриясында бұрын-соңды елімізде өндірілмеген жаңа тауарлар: санфаянс, бөлмеаралық есіктер, ЛДСП және еден жабындары өндірісі жолға қойылады", – деді министр. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу