Өңірлердегі әкімдіктер 14 млрд теңге игермеген

617

Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Батыс Қазақстан және Атырау облыстары нысаналы трансферттерді өте төмен деңгейде игерген.

Өңірлердегі әкімдіктер 14 млрд теңге игермеген

2021 жылғы 5 айда өңірлердегі бюджет кірісі 3,3 трлн теңгеге жетті, деп хабарлайды inbusiness.kz порталы finprom.kz-ке сілтеме жасап.

Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 13,6%-ға артық.

Салық түсімдері 23%-ға ұлғайып, 1,6 трлн теңге болды. Бұл жергілікті бюджетке түсетін барлық түсімнің – 47,6%-ы. 

Сондай-ақ негізгі капиталды сатудан түсетін түсім және салық емес түсімдердің үлесі – 2% және 1,3%.  

Өңірлердегі жергілікті бюджетке түсетін түсімдердің ең көп сомасы республикалық бюджеттен берілетін трансферттер есебінен қалыптасады. Биылғы трансферт үлесі – 49,1%. 

Облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың әкімдіктері кепілдік берілген және нысаналы трансферттер алады. 2021 жылы әкімдіктерге ағымдағы және даму бағдарламаларын даму іске асыруға 1,9 трлн теңге нысаналы трансферт бөлу көзделген.

Айта кетейік, нысаналы трансферт белгілі бір міндеттерді жүзеге асыруға арналған, ал қаржының игерілмеуі әкімдіктің тиісті міндеттерді орындамағанын көрсетеді.

Биыл қаңтар-мамырда республикалық бюджеттен облыстардағы бюджетке 645,6 млрд теңге нысаналы трансферттер бөлінді. Қаржының 97,5%-ы игерілді.

Орындалмау сомасы – 16,3 млрд теңге. Оның ішінде 2,4 млрд теңге үнемделді, ал игерілмеген сома – 13,9 млрд теңге. 

Еліміздегі экономикалық және әлеуметтік жағдайдың күрделі кезеңінде жергілікті атқарушы органдар (ЖАО) шамамен 14 млрд теңгені игермеген. Қаржы халықтың өмір сапасын жақсартуға және тағы басқа мақсатқа арналған.

Қаражаттың ең көп орындалмауы Алматыда: қаржының 90,3%-ы игерілген. Мұнда орындалмау сомасы – 4,7 млрд теңге, оның ішінде 156,6 млн теңге үнемделген, 4,6 млрд теңге игерілмеген.

Кейін тізімде Нұр-Сұлтан, Шымкент қалалары мен Батыс Қазақстан және Атырау облыстары тұр.

Бұл 5 өңір жалпы 9,5 млрд теңге нысаналы трансфертті игермеген. Қаржыны үнемдеу сомасына қарамастан көрсеткіш өте төмен болып саналады.

Дәурен Ерболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу