Онлайн саудамен айналысатын дүкендер салықтан босатылады

783

Жыл соңына дейін электронды коммерциядан 900 млрд теңге түседі. 

Онлайн саудамен айналысатын дүкендер салықтан босатылады

Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов осындай бастаманы қолдап отыр. 

"Бұл сала көз ілеспес жылдамдықпен қарыштап дамып келеді. Электронды саудаға кедергі келтірмеу үшін біз дұрыс шешім қабылдауымыз керек. Тұтынушылар дер кезінде сапалы тауар алуға тиіс. Бұл үшін онлайн саудаға жағдай жасау қажет. Қазақстанда 13 цифрлық сауда платформасы бар. Kaspi, Chocofamily, Technodom, Mechta сынды маркетплейстер халықтың сұранысын қанағаттандырып тұр. Оларды корпоративтік және жеке табыс салығынан босатсақ, онлайн сауданың көрігі қыза түседі. Қазір Ұлттық банкпен бірлесіп, төлем жүйелері арқылы электронды коммерцияны ынталандыру жолын қарастырып жатырмыз", – деді Бақыт Сұлтанов.

Оның сөзінше, былтыр еліміздегі электронды нарықтың үлесі 
700 млрд теңгені құраса, 2020 жылдың алғашқы жартыжылдығында онлайн сауда көлемі 432 млрд теңгеге жетті. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 
900 млрд теңгеге жетеді деп болжанып отыр. 

"Электронды коммерция халықаралық бөлшек сауданы жеңілдетеді және жылдамдатады. Отандық кәсіпкерлерге халықаралық сауда алаңында мүмкіндік беру үшін министрлік Alibaba, Ebay, Amazon және Wildberries платформаларымен келіссөз жүргізіп жатыр", – деді Бақыт Сұлтанов.

Қанат Махамбет 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу