Ел президенті Ли Чжэ Мён жоғары технологиялық авиацияны дамытуға инвестицияларды көбейтуге ден қоятынын мәлім етті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Осылайша, Оңтүстік Корея әлемдегі жетекші төрт қорғаныс державасының біріне айналуға қадам жасамақ.
– Оңтүстік Корея ақыры құрлық және теңізде ғана емес, сонымен қатар әуеде бейбітшілікті қорғау үшін өз технологияларын пайдаланып қару жасап шығарды, – деді ол.
Ел 2015 жылы ескірген америкалық F-4 және F-5 жойғыш ұшақтарының орнына отандық дыбыстан жылдам жойғыш ұшақ сатып алу мақсатында KF-21 әзірлеу бағдарламасын іске қосып отыр.
– Өз технологияларымызды пайдаланып жасалған және өз қолымызбен құрастырылған KF-21 жойғыш ұшақтары ақыры пайдаланауға беріліп жатыр. Бұл жойғыш ұшақ біз жарты ғасырдан аса уақыт бойы армандаған өзін-өзі қамтамасыз ететін қорғанысқа деген асыл ұмтылыстарды бейнелейді. KF-21 жойғыш ұшағының табысы біздің қорғаныс қабілетімізді нығайтып ғана қоймай, сонымен қатар Оңтүстік Кореяға әлемдегі жетекші қорғаныс державаларымен бәсекелесуге жаңа серпін береді, – деп сөзін нақтылады президент.
Ли Чжэ Мён елдің қорғаныс өнеркәсібінің бәсекеге қабілеттілігін одан әрі нығайту үшін Оңтүстік Кореяның қару-жарақ жүйелері мен әзірлеу саласындағы тәжірибесін серіктес елдермен бөлісуге уәде етті.
Сеул Индонезияға 16 KF-21 жойғыш ұшағын экспорттау туралы келісімге қол қоюды жоспарлаған, бұл елдің отандық өндірістегі жойғыш ұшақтарды алғаш рет шетелге сатуы саналады.