Оңтүстік Кореяда 1-сыныпқа баратын оқушы табылмай жатыр

502

Биыл бұл елде бастауышқа небәрі 301 мыңнан астам оқушы келген.

Оңтүстік Кореяда 1-сыныпқа баратын оқушы табылмай жатыр Фото: koreajoongangdaily.com

Бұл – кейінгі 60 жылдағы ең төмен көрсеткіш, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты "24KZ" телеарнасына сілтеме жасап.

Жағдай алдағы уақытта қиындай түспек. Келесі жылы мұнда оқушылар саны алғаш рет 300 мыңнан төмендеуі ықтимал. 

Корея Республикасында мектепке баратын балалар азайып, сыныптар босап барады. Мәселен, әрбір жаңа оқу жылы бала санының азаюымен басталып жатыр. 2026 жылы бірінші сыныпқа 301 мың 442 бала қабылданған. Бұл – 1964 жылдан бері тіркелген ең төмен көрсеткіш. Ал келер жылға болжам одан да төмен. 2027 жылы мектепке баратын бала саны шамамен 270 мың болмақ.

1968 жылғы тарихи көрсеткішпен салыстырғанда, бұл 4 есе аз. Бүгінде кейбір ауылдық мектептерде бір ғана бала оқуға қабылданса, енді бірінде бірінші сыныпқа мүлде оқушы жоқ. Бала туу көрсеткішінің төмендеуі білім жүйесін ғана емес, елдің экономикалық болашағын да алаңдатып отыр.

Бұл сандардың артында тұтас бір ұрпақтың азаюы тұр. Мәселен, 2020 жылы Корея Республикасында 272 мың 337 сәби дүниеге келген. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 10 пайызға аз. Дәл осы балалар келесі жылы мектепке баруы керек. Алайда бірінші сыныпқа нақты қабылданатындар саны туу көрсеткішінен де төмен болуы мүмкін. Оған көші-қон, ерте немесе кейінге қалдырылған мектепке қабылдау факторлары әсер етуі мүмкін. Балалар санының азаюы әсіресе ауылдық жерлерде анық байқалады. Канвондо провинциясында биыл 21 мектепке бірінші сыныпқа бір-бірден ғана оқушы қабылданған. Тағы 20 мектепте бірінші сыныпқа бірде-бір бала келмеген.

Мамандардың айтуынша, мәселенің төркіні – жастардың отбасын құруды кейінге қалдырып, бала сүюге асықпауында жатыр. Статистика бойынша, 2025 жылы алғаш рет ана атанған әйелдердің орташа жасы 33-тен асады. Демографиялық ахуалға отбасын құру мен бала тәрбиесіне қатысты әлеуметтік-экономикалық жағдайдың ушығуы баспана бағасы, жұмысбастылық, бала күтімі мен білім беру шығындары сияқты факторлар әсер етіп отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу