Оңтүстіктегі су қоймаларында былтырғыға қарағанда су аз жиналды

170

Екі облыс ылғалды көп қажет ететін дақылдардың алқабын шектеуі тиіс. 

Оңтүстіктегі су қоймаларында былтырғыға қарағанда су аз жиналды Фото: Үкімет

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов ішкі су көздері есебінен толатын су қоймаларының толу деңгейіне тоқталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

"Вегетациялық кезеңге дайындық шеңберіндегі ішкі іс-шаралар аясында суару каналдары мен гидротехникалық құрылысжайларда жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде, оңтүстік облыстардағы су қоймалары толтыру режимінде жұмыс істеуде. 2026 жылғы 18 ақпандағы жағдай бойынша оңтүстік өңірлердегі су қоймаларында 23,4 млрд текше метр су жиналды, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 759 млн текше метрге аз. Айта кету керек, 2025 жылғы 1 желтоқсанда аталған су қоймаларында 17,7 млрд текше метр су жиналған болатын, бұл 2024 жылдың сол кезеңімен салыстырғанда 2,3 млрд текше метрге аз", – деді Нұржан Нұржігітов.

Қабылданған жедел шаралардың нәтижесінде соңғы 2 айда су жинау динамикасы арттырылып, қосымша көлемінде 1,5 млрд текше метр өсім қамтамасыз етілді.

"Ерекше алаңдаушылық туғызатыны – негізінен ішкі су көздері есебінен толатын су қоймаларының толу деңгейі. Атап айтқанда, Түркістан облысындағы Бөген су қоймасында 278 млн текше метр су жиналған, бұл өткен жылғы көрсеткіштен 46 млн текше метрге аз. Сондай-ақ Бадам су қоймасының толуы 32 млн текше метрді құрайды, бұл 2025 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 18 млн текше метрге кем", – деді ведомство басшысы.

Осыған ұқсас жағдай Жамбыл облысындағы Теріс-Ащыбұлақ,, Қарақоңыз, Қақпатас, Жартас және Бүркітті су қоймаларында да қалыптасып отыр.

Су ресурстары және ирригация министрінің айтуынша, екі облыстың әкімдіктеріне ылғалды көп қажет ететін ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алқаптарын шектеу бойынша шаралар қабылдау қажет.

Айта кету керек, бұған дейін биыл шамамен 23,8 млн гектарға егіс егілетінін жазғанбыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу