Қазақстанда мобильді байланыс тарифтерін көтеруге қатысты абоненттерді хабардар ету тәртібі өзгереді. 20 тамыздан бастап операторлар тарифті қымбаттататынын кемінде 60 күн бұрын SMS арқылы ескертуге міндетті, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Ертеңнен бастап мобильді байланыс операторларына жаңа талап енгізіледі: қызмет құнын көтеру жоспарланса, абонентке бұл туралы кемінде 60 күнтізбелік күн бұрын хабарлау қажет.
Яғни оператор тарифті бір күнде немесе бірнеше апта ішінде өзгертіп, абонентті кейіннен ғана хабардар ете алмайды. Алдағы қымбаттау туралы ақпарат пайдаланушының нөміріне SMS арқылы жіберілуі тиіс. Бұдан бөлек, оператор өзінің интернет-ресурсында тариф өзгеретіні туралы мәлімет жариялауы қажет.
Бұл өзгерістің абонент үшін ең маңызды тұсы – тариф қымбаттағанға дейін қосымша екі ай уақыт пайда болады. Осы кезеңде пайдаланушы жаңа бағаны салыстырып, өзіне тиімді тарифке ауысу немесе басқа оператордың қызметін қарастыру туралы шешім қабылдай алады.
Бұған дейін операторларға тариф өзгерісі туралы абонентті 30 күнтізбелік күн бұрын ескерту жеткілікті болған. Енді бұл мерзім екі есеге ұлғаяды.
Алайда жаңа талапты "ұялы байланыс енді қымбаттамайды" деп түсінуге болмайды. Керісінше, операторлардың тарифтік жоспарлардың құнын қайта қарау құқығы сақталады. Яғни компания қызмет бағасын көтере алады, бірақ бұл туралы тұтынушыны алдын ала ескертуі тиіс.