БҚО Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің мәліметінше, ер адам 2022 жылдың маусымынан 2025 жылдың шілдесіне дейін Binance биржасының P2P платформасы арқылы USDT криптовалютасын сатып алып, сатып отырған. Ол бұл қызметті "Астана" халықаралық қаржы орталығының лицензиясынсыз жүргізген.
Тергеу барысында осы қызметтен күдіктінің 155,2 млн теңге табыс тапқаны анықталған.
Сондай-ақ оның заңсыз криптоайырбастау қызметі Imrat Group қаржылық пирамидасының жұмысына қатысы болғаны белгілі болды. Тергеу нұсқасына сәйкес, қаржы пирамидасын ұйымдастырушылар салымшылардың ақшасын криптовалютаға айырбастап, кейін оны қатысушылардың криптоәмияндарына аудару үшін осы азаматтың қызметін пайдаланған.
Нәтижесінде оның көмегімен қаржылық пирамида салымшыларының 82,5 млн теңгеден астам қаражаты криптовалютаға айырбасталып, түрлі криптоәмияндарға жіберілген. Ол айырбас бағамдарының айырмасынан пайда көріп отырған.
Сот шешімімен Орал тұрғыны кінәлі деп танылды. Алайда амнистия туралы заңның күшіне енуіне байланысты қылмыстық жазадан босатылды.
Департамент азаматтарды цифрлық активтермен жұмыс істегенде тек лицензиясы бар операторлардың қызметіне жүгінуге шақырды. Ведомство лицензиясыз криптовалюта айырбастау заң талаптарын бұзу болып саналатынын және ол үшін жауапкершілік қарастырылғанын еске салды.