Оралда 10 қылмыстық іске қатысы бар күдікті ұсталды

547

Орал қалалық полиция қызметкерлері 10 қылмыстық іске қатысы бар деген күдіктіні қолға түсірді.  

Оралда 10 қылмыстық іске қатысы бар күдікті ұсталды Фото: aikyn.kz

БҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлағандай, Орал қаласында бірнеше адамнан қоңырау шаламын деген желеумен телефондарын сұрап алып, қолды еткен 27 жастағы тұрғыны ішкі істер органдарының іздеу есебіне алынған.

"Күдікті телефондарды ұрлап қана қоймай, одан әрі сол ұрланған телефон иелерінің атына Халық банк, Kaspi.kz арқылы қомақты сомаларға несие рәсімдеп, оны айлакерлік қитұрқы амалдармен кәсіпкерлік шоттарға аударып отырған",– делінген хабарламада.

Жәбірленушілерден келіп түскен арыздар және олардың сипаттаулары арқылы күдіктінің кім екені белгілі болса да, оның болу орнын анықтау мүмкін болмады. Полиция қызметкерлері жүргізген іздеу іс-шаралары нәтижесінде күдікті Ақсай қаласынан такси арқылы келе жатқан жерінен қолға түсті.

"Тергеу барысында оның Ақсай қаласында да автокөлік ұрлағаны, басқа да ұсақ ұрлықтар жасағаны анықталды. Қазір  күдікті азаматқа қатысты 10 эпизодтық іс тіркеліп отыр. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды",– делінген ПД хабарламасында.

Аталған фактілер ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы ("Алаяқтық"), 200-бабы ("Автомобильдi немесе өзге де көлiк құралын жымқыру мақсатынсыз құқыққа сыйымсыз иеленіп алу") және 188-бабы ("Ұрлық") бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу