Орал қаласындағы "Жастар" стадионында жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттауға, бұқаралық спортты дамытуға және заң мен тәртіп құндылықтарын дәріптеуге бағытталған "Чемпиондық рух" жобасы өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Іс-шара облыстық "Әділет" партиясының филиалы, "Жастар Рухы" жастар қанаты БҚО филиалының ұйымдастыруымен, БҚО "Мақсат" жоғары медициналық колледжі студенттерінің қатысуымен және БҚО Полиция департаментінің қолдауымен өткізілді. Жоба "Заң мен тәртіп – Қазақстан үшін" және "Есірткіге жол жоқ" бастамалары аясында жүзеге асырылуда.
Шараның басты мақсаты – жастарды спортқа тарту, салауатты өмір салтын қалыптастыру, зиянды әдеттердің алдын алу және есірткінің зияны мен заң алдындағы жауапкершілік туралы түсіндіру жұмыстарын күшейту.

Шара барысында қатысушылар Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері мен кинолог мамандардың жұмысымен танысып, олардың қызметі туралы ақпарат алды. Бұл жастардың құқықтық сауаттылығын арттырып қана қоймай, есірткі қылмысының алдын алудағы полиция қызметінің маңызын түсінуге мүмкіндік берді.
"Чемпиондық рух" жобасы спорттағы табандылықты, ерік-жігерді және жеңіске деген ұмтылысты насихаттауға бағытталған. Шара барысында қыздар арасында планка, ұлдар арасында қолды бүгіп-жазу және кермеге тартылу секілді спорттық сайыстар ұйымдастырылды. Қатысушылар белсенділік танытып, өзара бақ сынасты.
"Чемпиондық рух – бұл тек жеңіс емес. Бұл күнделікті еңбек, тәртіп, жауапкершілік және өз мақсатыңа адал болу. Нағыз жеңіс адамның өз-өзін жеңуінен, қиындыққа мойымай, алға ұмтылуынан басталады", – деді Әділет партиясының облыстық филиалының төрағасы Бауржан Бектұрған.
"Әділет" партиясының "Әділетті болашақ үшін" сайлауалды бағдарламасында халық денсаулығын нығайту және өмір сүру сапасын арттыру міндеттері белгіленген. Бағдарламада профилактикалық медицинаны дамыту, аурулардың алдын алу, оңалту жүйесін жетілдіру және халықтың орташа өмір сүру ұзақтығын 77 жасқа дейін жеткізу мақсаты көзделген. Сонымен қатар бұқаралық спортты дамыту және азаматтарды тұрақты дене шынықтыруға тарту маңызды бағыттардың бірі ретінде айқындалған.
Ұйымдастырушылар жастарды есірткі секілді зиянды заттардан аулақ болып, спортты өмір салтына айналдыруға шақырды. Шара соңында қатысушылар "Жайық жастары – есірткісіз қоғамды таңдаймыз!" деген ортақ ұран көтерді.