Оралда оқушылардың қытай тілін тегін меңгеруіне мүмкіндік беретін жаңа білім беру жобасы қолға алынды. "Әділет" партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалының бастамасымен "Ұстаз айтса" диалог алаңы аясында №7 мектеп-гимназия мен Beijing Jinyi Yuanfang Holding Group арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Алдағы уақытта оқушылар үшін Қытайға білім беру сапарлары мен тілдік тағылымдамалар ұйымдастыру мүмкіндігі қарастырылады.
"Әділет" партиясы БҚО филиалының басшысы Бауржан Бектұрған қытай тілін меңгеру жастарға халықаралық білім беру кеңістігіне шығуға жаңа мүмкіндік беретінін атап өтті.
"Қытай тілін білу – тек тілдік дағды емес, басқа мәдениетпен танысып, халықаралық ортада тәжірибе жинақтауға мүмкіндік. Біздің мақсатымыз – өңір жастарына білім алып, қабілеттерін дамытуға қосымша жағдай жасау", – деді Бауржан Бектұрған.
№7 мектеп-гимназия директоры Мария Кабакованың айтуынша, жобаның маңызды бағыты – оқушылардың алған білімін тәжірибеде қолдануы.
"Алдағы уақытта тілдік тағылымдамалар мен білім беру сапарлары оқушыларға қытай тілін халықаралық ортада қолдануға мүмкіндік береді. Бұл олардың тілге, мәдениетке және білім алуға қызығушылығын арттырады деп сенеміз", – деді Мария Кабакова.
Beijing Jinyi Yuanfang Holding Group атынан жобаны холдингтің атқарушы президентінің ассистенті, Батыс Қазақстан облысындағы жоба жетекшісі Хэ Хуай (He Huai) үйлестіреді.
"Біз Қазақстан мен Қытай арасындағы білім беру байланыстарын дамытуға мүдделіміз. Оқушылардың қытай тілін үйреніп, Қытайдың мәдениеті мен білім беру жүйесімен танысуына мүмкіндік жасау маңызды", – деді Хэ Хуай.
Меморандум аясында қытай тілін оқыту сапасын арттырумен қатар, оқушылардың Қытай тарихы мен мәдениеті туралы білімін кеңейту және халықаралық коммуникациялық дағдыларын дамытуға бағытталған жобаларды жүзеге асыру жоспарланып отыр. О