Тұрмыстық қатты қалдықтар полигонында тұтанған өрт 10 күннен кейін толықтай сөндірілді. Қазір тілсіз жаудан келген материалдық шығын көлемі есептеліп жатыр, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Мамандардың мәліметінше, жалпы аумағы 35 гектар болатын полигонның шамамен жартысына жуығын жалын шарпыған. Өртті өшіруге төтенше жағдайлар қызметкерлерімен қатар коммуналдық кәсіпорындар мен құрылыс компанияларының арнайы техникалары жұмылдырылды.
Алайда мамандар полигонда мұндай жағдайдың қайталанбайтынына кепілдік бере алмайды. Себебі, осыдан 50 жыл бұрын пайдалануға берілген полигонның сыйымдылығы әлдеқашан толып кеткен.
Жиналған қалдықтардың астында жанғыш әрі улы газдар шоғырланған болуы мүмкін. Қала әкімдігі мәселені түбегейлі шешу үшін полигонды қайта жаңарту қажет екенін айтады.
– Тек қана рекультивацияның өзіне 12 млрд теңге керек. Ал жаңа полигон салуға 15-20 млрдқа дейін қаржы қажет етеді. Бірақ біз басқа да амалдарымызды ойластырудамыз инвесторлар тарту жұмыстары. Кореядан, Қытайдан, Италиядан неше түрлі компаниялар келіп, ұсыныстарын айтты. Қала маңында, қала шетінде қатты тұрмыстық қалдықтарды өртеп электр энергиясын өндіру бағыты бойынша инвесторлар тартып жатырмыз, – деп мәлімдеді қала әкімінің орынбасары Жандос Дүйсенғалиев.