Орал қаласының әкімдігі Шаған өзені арқылы өтетін көпір құрылысына 35 млрд теңге көлемінде конкурс жариялауға дайындалып жатыр, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Алайда қаржыландыру көзі әзірге нақты анықталмаған. Жобаға тапсырыс беруші – "Орал қаласының құрылыс бөлімі" мемлекеттік мекемесі.
"35 млрд теңге – шекті баға, конкурс барысында баға төмендеуі мүмкін. Конкурс "толық тапсыру" форматында өтеді: бір мердігер ұйым жобалауды да, құрылысты да толықтай жүзеге асырады. Құрылыс компаниялары консорциум түрінде қатысады деп күтіп отырмыз", – деді Азамат Халелов.
Инженерлік-геологиялық және гидрологиялық зерттеулерді конкурс жеңімпазы жобалық-сметалық құжаттама (ЖСҚ) әзірлеу аясында орындайды.
2020 жылы Шаған өзені арқылы өтетін көпірдің бастапқы жобалық құны 11 млрд теңге деп белгіленген болатын. Ол кезде жобалық-сметалық құжаттаманы "Алматыдорпроект" ЖШС әзірлеген. Алайда кейін жоба қайта қаралмаған.
Әкімдік өкілдерінің айтуынша, бұл жаңа көпірдің бағыты өзгергенімен байланысты: бастапқыда Сдыков көшесі арқылы жоспарланған көпір енді Молдағұлова көшесі арқылы өтпек. Бағыт өзгергендіктен, жаңа жоба және жаңа ЖСҚ әзірлеу қажет.
Әкімдік мәліметінше, жобаға қаржы көзі әлі анықталмаған. Биыл облыстық бюджетте бұл құрылысқа қаражат қарастырылмаған. Орта мерзімді бюджет жоспарына да енгізілмеген. Мүмкін болатын жалғыз қаржы көзі – KPO b.v. компаниясының әлеуметтік аударымдары. Әкімдік бұл болжамды жоққа шығармады.
Жобаның негізгі параметрлері:
- Жобаны жүзеге асыру мерзімі – келісімшарт жасалған күннен бастап 36 айға дейін;
- Оның ішінде 10 ай – жобалау кезеңі;
- Көпір төрт жолақты болады;
- Есептік жылдамдық – 80 км/сағ;
- Көпір мен кіреберіс жолдардың жалпы ұзындығы – шамамен 4,3 км;
- Қызыл сызықтағы ені – 60 метр;
- Жаяу жүргіншілер жолы мен қауіпсіздік белдеулері қарастырылған.
Көпір Молдағұлова көшесі арқылы өтіп, "Ақжайық" шағынауданына қосылады деп жоспарланған.