Белгісіз адамдар кәсіпкерден құрылыс материалдарына тапсырыс беріп, тауар ақысын төлегенін растайтын жалған құжат жіберген. Кәсіпкер тауарды жүк көлігіне тиеп бергеннен кейін ғана төлем түбіртегінің жалған екенін анықтаған, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Полицияның жедел әрекетінің арқасында тауар кәсіпкерге толық қайтарылды. Кәсіпкер бірден полицияға хабарласқан. Тәртіп сақшылары жүк көлігінің мемлекеттік нөмірін патрульдік экипаждарға беріп, көлікті іздеуге кірісті.
Көп ұзамай жүк көлігі жол бойында тоқтатылып, құрылыс материалдары полицияның сүйемелдеуімен кәсіпкердің базасына жеткізілді.
Кәсіпкер Батыс Қазақстан облысының полиция қызметкерлеріне жедел әрі үйлесімді әрекеті үшін алғыс білдірді.
Полиция азаматтар мен кәсіпкерлерді жалған төлем түбіртектеріне сенбеуге шақырды. Тауарды жөнелтпес бұрын қаражаттың есепшотқа нақты түскеніне көз жеткізу қажет.