Орал қаласында заманауи цифрлық технологиялардың көмегімен іздеуде жүрген азамат қолға түсті, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Қаладағы түнгі клубтардың бірінде орнатылған бейнебақылау камерасы келушіні тіркеген. Тұлғаны тану функциясымен жабдықталған бейнеаналитика жүйесі бейнені автоматты түрде іздеуде жүрген адамдардың дерекқорымен салыстырып, сәйкестікті анықтады. Осыдан кейін сәйкестік туралы ақпарат жедел басқару орталығына түскен.
Араға санаулы минуттар салып, патрульдік полиция қызметкерлері ер адамның орналасқан жерін анықтап, оны ұстап, полиция бөліміне жеткізді.
Тергеу басталды.
Мемлекет басшысы жариялаған Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында Батыс Қазақстан облысы Полиция департаментінде қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған заманауи цифрлық шешімдерді енгізу жұмыстары жалғасып жатыр.