Мәдениет және спорт министрлігі спортшының Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі еместігін алға тартып, оған сыйақы төлеуден бас тартқан. Алайда сот бұл шешімді заңсыз деп таныды, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Батыс Қазақстан облыстық сотының баспасөз қызметінің хабарлауынша, спортшы 2025 жылғы 7–12 қазан аралығында Венгрияның Татабанья қаласында өткен ардагерлер арасындағы грек-рим күресінен әлем чемпионатында жүлделі орынға ие болған.
Жарыстан кейін қазақстандық спортшы өзіне тиесілі ақшалай сыйақыны алу үшін өтініш бергенімен, оған төлем жасаудан бас тартылған.
Мемлекеттік орган өз шешімін спортшының спорт ардагерлері санатына жататынымен және Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі еместігімен түсіндірген. Бұл шешіммен келіспеген балуан сотқа жүгінді.
Сот талқылауы барысында мемлекеттік органның бұған дейін де осы спортшыға халықаралық жарыстардағы жетістіктері үшін ақшалай сыйақы төлегені анықталды.
Сот 2022–2024 жылдардағы чемпионаттардың қорытындысы бойынша сыйақы төлеу туралы оң шешімдер қабылданғанын анықтады. Бұл факт 2025 жылғы 25 сәуірдегі №3370 төлем тапсырмасымен де расталды.