Оралдықтар газ тарифін өсіруге қарсы

637

Олар газ құнын көтеруден түсетін қаржының орынды жұмсалатынына сенбейтіндерін ашып айтты. 

Оралдықтар газ тарифін өсіруге қарсы

Оралда "ҚазТрансГазАймақ" АҚ Батыс Қазақстан облыстық филиалының газ тасымалдау тарифін  көтеру бойынша өткізген қоғамдық тыңдауы айқай-шуға ұласты.

Тұрғындар қолдарына плакат ұстап шығып, көгілдір отын бағасын көтеруге үзілді-кесілді қарсы шықты.

Қазіргі қолданылып отырған тарифте газдың бір текше метрі 2615,37 теңгеге есептелген. Алайда компания алдағы жылдан бастап бұл бағаны қосымша құн салығын қоспағанда 1,3 теңгеге өсірмек. Филиалдың экономикалық бөлімінің бастығы Айсұлу Ихсанғалиева түсіндіргендей, тарифті көтеру есебінен 55 км жер үсті және жер асты газ құбырларын қайта жаңарту және 142 газ реттегіш шкаф пунктін ауыстыру жоспарланған. Ал тұрғындар құбырлар олардың есебінен жөнделмеуге тиіс деген пікірде. 

"Бізде газ тарифі көтерілмей, керісінше, төмендеуге тиіс. Әлемде энергия бағасы төмендеп жатыр, оның үстіне бізде жер астында газ кеніші бар. Сол себепті облыс тұрғындарына преференция беріп, газ бағасын түсіру керек. "Жайықмұнай" зауыты, КПО шағын зауыты бар. Біздің оған мүмкіндігіміз жетеді. Ертең сіздер бағаны көтересіздер, одан кейін барлық коммуналдық қызметтер бірінен кейін бірі өсіре бастайды", дейді қоғам белсендісі Асқар Шайғұмаров.

Тұрғындар жиында басқа да наразылықтарын білдірді. Біріншіден, олар газ құнын көтеруден түсетін қаржының орынды жұмсалатынына сенбейтіндерін ашып айтты. Екіншіден, қоғамдық тыңдауда не әкімдік, не тиісті монополияға қарсы комитет сынды тиесілі мекемелердің, не БАҚ өкілдерінің болмағанына реніш білдірді. Осындай дау-дамайға қарамастан тыңдау өткен болып есептелді.  

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу