Оралдықтар жылу бағасының қымбаттағанына наразы

799

Оралдықтар жылу бағасының қымбаттағанына наразы

Оралда тағы да жылу дауы. Тұрғындардың сөзінше, есептегіш құрылғы орнатылғалы бері жылу ақысы қымбаттаған. Бұған дейін жылу үшін үйдің әр шаршы метріне 144 теңгеден төлесе, құрылғы қойылғалы бұл баға екі есеге өскен. Үй иелері мұндай ақыны қалталары көтермейтінін айтады, деп хабарлайды Астана телеарнасы.

"Есептегіштің жылу көлемін реттейтін шайбасы жоқ. Сондықтан артық есептейді. Бұл тетікті орнатуды тапсырсақ та, орындауға асығар емес. Шайбаны қоюға біз міндетті емеспіз. Ал тұрғындар бүкіл кінәні бізге жауып отыр. Егер есептегішті дұрыс қолданса, көп қаржы үнемдеуге болады", - дейді "Жайықжылуқуат" АҚ коммерциялық директоры Вячеслав Солодилов.
Есептегіш құралды жылу орталығы орнатады. Ал оны ұйымдастырумен пәтер иелері кооперативті айналысуы керек. Бірақ тұрғындар ол жұмыстардың барлығын өздері жасағандарын айтады. Жылу беру мекемесінің өкілдері мұндай дау бұған дейін де болды деп отыр. Ол кезде тұрғындар кінәларын мойындап, артық есептелген жылудың ақысын өздері төлеген көрінеді.
Бүгінде Оралдағы үйлердің барлығына дерлік жылу есептегіш орнатылған. Бұрын жылу ақысы үйдің ауданына байланысты есептелсе, енді берілген жылу мөлшері ғана ескеріледі. Бұл тұрғындар үшін қолайлы. Ал жылуберушілер үнемшіл құрылғының кесірінен жылудан жиналар табыс бұрынғыдан 140 миллион теңгеге азайды дейді. Ашуға мінген тұрғындар жылу ақысы қайта есептелмейінше, ақша төлемейміз деп отыр. Тіпті сотқа шағымданбақ. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу