Мәжіліс 2024 жылы 4 қыркүйекте Астанада қол қойылған Қазақстан Үкіметі мен ОРЕС Халықаралық даму қоры арасындағы жеке сектордағы операцияларды ұйымдастыру туралы негіздемелік келісімді ратификациялады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Келісімге 2024 жылғы 4 қыркүйекте Астана қаласында қол қойылды. Құжаттың басты мақсаты – Қазақстан Республикасының Үкіметі мен ОРЕС Халықаралық даму қоры арасындағы жеке сектордағы операцияларды ұйымдастыру.
Негіздемелік келісім мыналарға бағытталған:
- инвестициялық жобаларды қаржыландыру үшін ОРЕС Халықаралық даму қорының қарыздар және (немесе) кепілдіктер беруі;
- ОРЕС Халықаралық даму қорының активтері мен кірістерін тікелей салықтардан босату;
- валюта айырбастауға және қаражат аударуға мүмкіндік беру;
- ОРЕС Халықаралық даму қорының мәртебесі мен режимін айқындау, сондай-ақ оған артықшылықтар мен иммунитет беру;
- ОРЕС Халықаралық даму қорының және бенефициарлардың құқықтарын қорғау;
- дауларды төрелік сот арқылы реттеу.
"Бұл келісімде Қордың инвестициялық жобаларды қаржыландыру үшін Үкімет кепілдігін талап етпей, 2,5-5 пайыз мөлшерлемемен несие беруі көзделген. Сол үшін Қордың активтері мен кірістері тікелей салықтардан босатылып, валюта айырбастау және қаражат аудару мүмкіндігі беріледі. Құжат сондай-ақ Қордың мәртебесі мен режимін айқындайды, оған артықшылық пен иммунитет береді, Қор мен бенефициарлардың құқықтарын қорғап, дауларды төрелік сот арқылы шешуді реттейді", – делінген хабарламада.
ОРЕС мәліметі бойынша, 2025-2030 жылдар аралығында елдегі түрлі жобаға 400 миллион долларға дейін қаражат бөлу жоспарланған.
Халықаралық даму қоры 1976 жылы құрылған, оның штаб-пәтері Венада орналасқан.