Көшеге қоқыс тастау, түкіру, балағаттау: Президент қоғамдық тәртіп туралы айтты

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, "Заң мен Тәртіп" ел өмірінің ажырамас бөлігі, бұлжымас қағидаты болуы тиіс.

Көшеге қоқыс тастау, түкіру, балағаттау: Президент қоғамдық тәртіп туралы айтты Фото: ЖИ

Мемлекет басшысы әділетті қоғам үшін әр іске жауапкершілікпен қарауға, бір-бірімізге жанашыр болуға шақырды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

– "Таза Қазақстан" идеясына сай табиғатқа қамқор көзбен қарап, болмысымызды, ниетімізді және тілімізді таза ұстау маңызды.

Өркениетті қоғамда дөрекі сөйлеуге, біреудің ар-ожданына нұқсан келтіруге, өзгелерді кемсітуге, қоқысты көшеге немесе қоғамдық жерлерге лақтыруға, кез келген жерге түкіруге, қоғамдық дүниені бұзып, сындыруға жол берілмейді және ондай әрекет заң бойынша жазаланады. Бұл – барлық құқық қорғау мекемелеріне қатысты жеке және өте маңызды тапсырмам.

Отанымызды жаңа өркениетті деңгейге көтеруіміз керек. Осы өзекті жұмыста қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде мәртебесін көтеру, күшейту, дәріптеу тарихи міндет я миссия десек, артық болмас.

"Заң мен Тәртіп" ел өмірінің ажырамас бөлігі, бұлжымас қағидаты болуға тиіс. Өйткені заң мен тәртіп үстемдігі – мемлекеттілігімізді нығайтудың, Егемендігімізді қорғаудың бірден-бір шарты, – деді Президент. 

Қасым-Жомарт Тоқаев өкінішке қарай, кейбір теріс пиғылды адамдар "Заң мен тәртіп" қағидатын бұрмалап, оны қысым жасаудың құралы ретінде көрсеткісі келетінін жасырмады. Мұндай келеңсіз әрекетке қатаң тосқауыл қою керек деп есептейді. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу