Франция мен Испанияда орман өрттеріне байланысты эвакуацияланғандар саны 300 мыңнан асты. Бұл туралы AFP агенттігі жазды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты DW агенттігіне сілтеме жасап.
Францияның оңтүстік-батысында бірнеше күннен бері орман өрттері толастамай тұр. Ең ірі өрт ошақтары Жиронда департаментінде тіркелген. Тілсіз жау салдарынан аймақта 240 тұрғын үй жанып кеткен. Бордо қаласының мэрі қаланы толық эвакуациялау қажет емес деген пікірде. Қазір қалада өрттен зардап шеккен басқа елдімекендердің мыңдаған тұрғыны уақытша орналастырылды.
Елдің Ұлттық өрт сөндірушілер федерациясының (FNSPF) мәліметінше, жағдайды өрттің әсерінен түзілетін пирокумулонимбус деген атауға ие найзағайлы бұлттар қиындатып отыр. Мұндай бұлттар күшті жел тудырып, найзағайдың пайда болуына себеп болуы мүмкін. Салдарынан жаңа өрт ошақтары тұтануы ықтимал. Бүгінгі таңда табиғи апатпен күреске шамамен 2,5 мың өрт сөндіруші, 1,5 мың әскери қызметкер және 1,2 мың полиция қызметкері жұмылдырылған.
Испанияда орман өрттері негізінен елдің орталық бөлігінде, Мадрид маңында өршіп тұр. Осы өңірден, сондай-ақ Авила мен Толедо провинцияларынан және елдің шығыс жағалауындағы Кастельон аймағынан шамамен 75 мың адам эвакуацияланды. Ал Валенсия өңірінде өрт демалыс күндері қайта күшейді. Бұл аймақтан тағы 15 мыңға жуық тұрғын қауіпсіз жерге көшірілді.
Тілсіз жаумен күреске Еуроодақ елдері де атсалысуда. Олар Франция мен Испанияға өрт сөндіру жасақтарын, авиация мен арнайы техниканы жіберіп жатыр.