Орман шаруашылығы қызметкерлерінің жалақысын ұдайы арттырып отыру ұсынылды

618

Орманшыларды әлеуметтік қолдау шараларын күшейту қажет. 

Орман шаруашылығы қызметкерлерінің жалақысын ұдайы арттырып отыру ұсынылды Фото: Егемен Қазақстан

Бұл туралы Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайыловқа жолдаған депутаттық сауалында айтты.

"Шынын айту керек, жергілікті жерде орын алған жағдай азаматтық қорғау органдары, тиісті мемлекеттік органдар табиғи апаттарға дайын болмағанын тағы да көрсетті. Депутаттар Үкіметтің назарын орман шаруашылығындағы өртке қарсы және құтқару қызметіндегі жүйелі проблемаларға аударып, бірнеше депутаттық сауалдар жолдаған болатын. Бірақ іс жүзінде мәселелер толық шешілмеген. Мұндай салғырттықтың орын толмас ауыр қайғыға алып келетінін өмір көрсетіп отыр", - деді депутат.

Осыған байланысты депутат болашақта төтенше жағдайлардың алдын алу үшін жүйелі шаралар қабылдау қажет деп санайды.

"Біріншіден, орман және дала өрттерін уақтылы анықтау және олардың алдын алу жөніндегі нақты жұмыс істейтін іс-қимыл алгоритмін әзірлеу қажет. Себебі осы жолы тиісті мемлекеттік органдар арасында үйлестірілген жұмыстың болмауына байланысты қауіпті-қатерді уақтылы болжау және алдын алу мүмкін болмады.

Өрт ошағы туралы алғашқы деректер 8 маусым сағат 11:23-те ғарыш аппараттарынан алынып, 8 маусым сағат 13.20-да Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметтер базасына берілсе де, қауіп деңгейі лайықты бағаланбады", - деді ол.

Екіншіден, өртті жоғары дәлдікпен анықтайтын заманауи технологияларды қолдану аясын кеңейту қажет, деп толықтырды депутат.

"Орман алқаптары мониторингінің қолданыстағы ақпараттық жүйелерін дұрыс әрі барлық жерде пайдалануды қамтамасыз ету, өрт ошақтарын анықтаудың қосымша жерүсті жүйелерін орнату, жерді зондтайтын Қазақстан спутниктерін жоғары дәлдігі бар жылу датчиктерімен жарақтандыру және табиғи апаттар жағдайында тиісті қызметтерді фото және бейне-түсіру мүмкіндіктері бар дрондармен жабдықтау қажет. Бұдан бөлек орман шаруашылықтары, резерваттарды басқару орталықтары орналасқан ауылдық елді мекендерде сапалы инфрақұрылым болуға тиіс", - деді Нұртай Сабильянов.

Депутаттың айтуынша, оларды байланыс жүйесімен және жылдам интернетпен, сапалы жолдармен қамтамасыз ету керек. Бұдан бөлек орман саласының мамандарын даярлау және қолдау, орман шаруашылықтарының материалдық-техникалық базасын нығайту да өте маңызды, деп есептейді ол.

"Семей орманы" орман табиғи резерватының балансында 363 техника бар. Онда неліктен адамдар өртті сөндіруге жеке көліктерімен барған? Техниканың жай-күйі қандай? Тіпті қажетті техника бар ма? Сондықтан орман шаруашылықтарының материалдық-техникалық базасын жаңартып, арнайы өртке қарсы техникамен толық жабдықтау қажет", - деп атап өтті мәжілісмен.

Оның сөзінше, резерват жанында табиғи апаттармен күресуге арналған арнайы бөлімше болуға тиіс.

"Орман шаруашылығы қызметкерлерін әлеуметтік қолдау шараларын күшейтіп, олардың жалақысын үнемі арттырып отырған жөн. Сондай-ақ қызметкерлерді арнайы киіммен және жабдықтармен қамтамасыз ету қажет. Төтенше жағдайлар министрлігінің жеке құрамының санын көбейту, арнайы өртке қарсы техникамен және жүріп өту мүмкіндігі жоғары техникамен жарақтандыру, азаматтық қорғау қызметкерлерін әлеуметтік қамсыздандыру мәселелерін шешу (бұл тұрғын үй мәселесі және коммуналдық қызметтер үшін өтемақы), сондай-ақ "Қазавиақұтқару" АҚ авиапаркін жаңарту және ұлғайту керек. Бұл мәселелер кезек күттірмейді, шұғыл шешімдерді қажет етеді", - дееп түйіндеді ол.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу