Орман шаруашылығындағы өрт сөндірушілердің жалақысына 9 мың теңге ғана қосылған - депутат

371

Жалақы аз болғандықтан, жастар бұл саланы таңдай бермейді. 

Орман шаруашылығындағы өрт сөндірушілердің жалақысына 9 мың теңге ғана қосылған - депутат Фото: freepik

Депутат Нартай Сәрсенғалиев Мәжілісте өткен Үкімет сағатында орманшылардың жалақысын арттыру қажеттігін айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Семей орманындағы апаттан кейін орманшылардың жалақысы 1 шілдеден бастап көтеріледі делінді. Бірақ айналып келгенде Үкімет мүшелері сол кезде орманшыларға айтқан уәдесі өтірік болды, артынша әшкере болды. Жазда орманшылармен кездескен кейін депутаттық сауал жолдадым, сонда 100 пайыз жалақысы көтерілгендер тек орман шаруашылығындағы басшылар, директорлар, олардың орынбасарлары, инженерлер, инспекторлар екені анықталды.  Семей орманында болған апаттың кезінде қаза тапқан орман шаруашылығындағы өрт сөндірушілерге, көлік, трактор жүргізушілеріне бір тиын да қосылмағаны анықталды. Депутаттық сауалыма Үкіметтен әдемі жауап келді. "Олар штаттан тыс қызметкерлер, сондықтан да оларға 2023 жылдың 1 шілдесінен бастап 1,7 салалық коэфициентпен өседі, сосын 1,85 болады, 2025 жылы екіге өседі", - деді ол. 

Халық қалаулысының дерегінше, былтыр орман шаруашылығындағы өрт сөндірушілер 64 349 теңге алып жүрді. 

"Бүгін таңертең осы отырысқа дайындалғанда орман шаруашылығындағы азаматтардан 1 қаңтардан бастап қанша қосылды деп сұрасам, "9 мың теңге қосылды, 80 мың теңгеге жетпейтін ақша аламыз" дейді. 2025 жылы әйтүп-бүйтіп қосқаны үкіметтің 164 808 теңге болады екен, оның пайыздарын алып тастасаңыз, 140-135 мың теңгенің шамасы болады. Меніңше, бұл түкке де жетпейтін ақша. Бұл орманшылардың жұмысын бағаламаудың, оларға немқұрайлы қараудың салдары деп білемін. Меніңше, 2025 жылы қосылғанның өзінде бұл айлық түкке жетпейді. Бұл бір отбасын асырауға жеткілікті ме? Айлық өседі деп қалдыңыз. Нақты қай айда өседі және қазір 80 мың теңгеге жетер-жетпес айлық алып жүрген өрт сөндірушілер, тракторшылар мен көлік жүргізушілері қанша алатын болады?", - деп сұрады Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев.

Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Үкіметтің 1193 қаулысы бойынша өрт стансасындағы бүкіл жұмыскер толық қамтылатынын айтты. 

"Сол себептен штаттан тыс стансадағы жұмыскерлердің жалақысын 100 пайызға көтеруге есеп дайындап жатырмыз. Ақпан айының аяғы, наурыздың басында бюджетті нақтылау болады, сол уақытқа әзірлеп жатырмыз. Олар (ред. – орманшылар) нақты 60 мың теңге алмайды. Оған жылдағы маусымдық үстемақылар қосылады, 100 мың теңгенің үстіне алады. Бірақ, әрине, лауазымдық жалақының көлемі аз. Жалпы біздің орман саласына (жастардың) неге келмейтінін, оқуға түспейтінін айтайын. Себебі жалақы аз. Екі емес, үш есе қосса да, нұр үстіне нұр. Жалақыны нақты көтеру керек екенін, оның жеткіліксіз екенін бәріміз білеміз", - деп жауап берді ведомство басшысы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу