Ормуз бұғазын ашу үшін коалиция құрылуы мүмкін

134

35 елдің қатысуымен келіссөздер өтеді.

Ормуз бұғазын ашу үшін коалиция құрылуы мүмкін Фото: commons.wikimedia.org

Ұлыбритания осы аптада Ормуз бұғазы арқылы кеме қатынасының қауіпсіздігін қамтамасыз ететін коалиция құру мәселесі бойынша 35 елдің басын қосады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты DW агенттігіне сілтеме жасап.

Сыртқы істер министрлері деңгейінде өтетін кездесуде нақты шараларды талқылау жоспарланып отыр. Атап айтқанда, коммерциялық кемелерді әскери кемелермен алып жүру, бұғазды миналардан тазарту және Иран тарапынан болуы мүмкін шабуылдардан қорғану. Бұл туралы The Financial Times басылымы төрт дереккөзге сілтеме жасап жазды.

Бұдан бөлек әскери күштердің іс-қимыл нұсқаларын пысықтау мақсатында әскерилердің жеке кездесетіні де белгілі болды. Келіссөздерге Франция, Нидерланды және Парсы шығанағы елдері қатысады деп жоспарланған.

Бельгия Сыртқы істер министрлігінің өкілі тиісті бастама Украина қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін құрылған коалицияға ұқсайтынын баса айтты. 

Осы тұста БАӘ коалицияның ең белсенді қатысушыларының біріне айналуы мүмкін. Бұл мемлекет АҚШ-ты, еуропалық және азиялық елдерді бұғазды ашу үшін күш біріктіруге үндеген болатын. БАӘ Бахрейнмен бірлесіп БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі деңгейінде коалицияға тиісті мандат беретін қарар қабылдауға да ниетті. Десек те, коалицияны құруда бірқатар мәселелер туындап отыр. Себебі бірқатар ел мина тазалаушы кемелер беруге дайын болғанымен, оларды қорғау үшін фрегаттар ұсынуға құлықсыздық танытқан.

Ұлыбританияның премьер-министрі Кир Стармер алдағы операцияның оңай болмайтынын жеткізді. Оның сөзінше, аймақтағы негізгі мәселе – кемелердің қауіпсіз өтуін қамтамасыз ету.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу