Иран мен АҚШ арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылғаннан кейін Ормуз бұғазы арқылы 7 кеме өтті. Тиісті ақпаратты CNN таратты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Интерфакс агенттігіне сілтеме жасап.
Телеарна Marine Traffic деректеріне сілтеме жасап, бейсенбі күні бұғаз арқылы жалпы 7 кеме өткенін мәлімдеді.
CNN хабарлауынша, 4 жүк кемесі, оның ішінде сұйытылған табиғи газы бар француз танкері және Кук аралының туы астындағы битум тасымалдайтын танкер бұғаздан шығып, Оман шығанағына бағыт алған. Ал Панама туымен жүрген Starway кемесі бұғазға кіріп, Парсы шығанағы бағытына қозғалған.
Сонымен қатар, Starway кемесі транспондерін өшіріп, іс жүзінде бақылаудан жасырынған.
Бейсенбіге қараған түні АҚШ президенті Дональд Трамп пен Иран президенті Масуд Пезешкиан Иран мен АҚШ арасындағы өзара түсіністік меморандумына қашықтан қол қойған. Құжатқа сәйкес, тараптар әскери қимылдарды барлық майданда тоқтатып, Ормуз бұғазын ашуға келіскен.
Айта кету керек, бұған дейін АҚШ пен Иран бейбітшілік туралы алдын ала уағдаластыққа қол жеткізгенін жазғанбыз.