Өрт қаупі жоғары үйлерді анықтаудың цифрлық жүйесі енгізіледі

170

Әзірге жаңа жүйе Абай облысында пилоттық режимде іске қосылды.

Өрт қаупі жоғары үйлерді анықтаудың цифрлық жүйесі енгізіледі Фото: life09.kz

Қазақстанда жылыту маусымы кезінде болатын өрттердің тең жартысы жеке тұрғын үйлерде тіркеледі. Төтенше жағдайлар министрлігінің хабарлауынша, бұл туралы былтырғы талдау нәтижесінде айтылған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Қызыл жалынның тұтануына электр құралдарын, пешпен жылыту жүйелерін орнату және пайдалану ережелерінің бұзылуы себеп болып жатады. Сонымен қатар отты абайсыз қолдану жағдайлары да кездесетін көрінеді. Ресми мәліметке сүйенсек, өрт пен газдан улану оқиғаларынан көбінесе әлеуметтік осал топтар, атап айтқанда, зейнеткерлер мен уақытша жұмыссыз жүрген азаматтар зардап шегеді.

Қазақстанда осы жылы 19 өрт сөндіру депосы пайдалануға берілді. Оның жетеуі өрт сөндіру мен медициналық қызметті қатар атқаратын әмбебап кешендер. ТЖМ материалдық-техникалық базаны нығайтуға да жіті көңіл бөліп отыр. Атап айтқанда,  160-тан астам өрт сөндіру техникасы, 1,5 мыңға жуық жабдық пен екі мыңнан астам арнайы киім-кешек жиынтығы сатып алынбақ.

Өрттің алдын алу бойынша түсіндірмелік жұмыстар жүргізіледі. Бұл ретте құтқарушылар бұрынғыдай жаппай аралаудың орнына, өрт шығу ықтималдығы жоғары әлеуметтік осал санаттағы отбасыларға арнайы барады. Қазір бұл санат бойынша 93 мыңнан астам баспана есепке алынған.

Тамыз айынан бастап ел аумағында пешпен жылыту жүйелері мен электр жабдықтарының қауіпсіздігін тексеру жұмыстары белсенді жүргізіліп жатыр. Нәтижесінде түтін мұржалары тазартылып, пеш және электрмен жабдықтау жүйесі жөнделген. Он үш мыңнан аса өрт датчигі орнатылған.

Айта кету керек, тұрғын үйлерде өрт қауіпсіздігін бақылауға арналған "Тұмар 112" мобильді қосымшасы енгізілді. Қазір бұл жоба Абай облысында пилоттық режимде жұмыс істеп тұр. Сынақ нәтижелерінен кейін оны еліміздің басқа өңірлеріне тарату жоспарланып отыр. Қосымша арқылы үй-жайларды аралау жұмыстарының электронды есебін алуға болады. Сондай-ақ цифрлық жүйе фотофиксация мен геолокация арқылы өрт қаупін тіркей алады. Осылайша салада бірыңғай деректер базасы жасалады.

"Тұрғын үй секторындағы өрт кезінде, әсіресе бір отбасының бірнеше мүшесі қаза табатын топтық өлім жағдайлары ерекше назар аударуды талап етеді. Өткен жылы осындай қайғылы оқиға Түркістан облысында орын алды. Осындай оқиғалардың алдын алу мақсатында министрлік отбасылардың тұрмыс жағдайына, жылыту жабдықтарының жай-күйіне атаулы бағалау жүргізіп, ерекше назар аударуды қажет ететін үйлерді анықтады", – деді Төтенше жағдайлар министрі Мұрат Мұханов.

Жалпы алғанда, күз-қыс мезгілінде өрттің алдын алу жұмыстары жіті назарда екені белгілі. Ресми статистикаға сүйенсек, тұрғын үйлердегі өрт оқиғалары 12 пайызға азайған. Бірақ арқаны кеңге салуға болмайды. Профилактикалық шаралар белсенді жалғасын табуы тиіс, дейді мамандар.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу