Астанада есірткі қосылған печенье сатқан күдіктілер ұсталды

574

Жалдамалы пәтерлерде бір уақытта жасы 30 жастан асқан 5 ер адам ұсталды.

Астанада есірткі қосылған печенье сатқан күдіктілер ұсталды Фото: polisia.kz

Жедел қызметкерлердің көзіне түскен "Пепе" интернет-дүкені арқылы елордада есірткіні таратудың арнасы тұрақты түрде жұмыс жасаған. Жедел-іздестіру іс-шаралары кешенінің нәтижесінде полиция Мемлекеттік күзет қызметімен бірлесіп, күдіктілер ұсталды, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Ұсталғандардың бәрі Батыс Қазақстан облысының тумалары. 

Қылмыстық сызба "ұйымдастырушы – буып түюші – қоймашы – есірткі жасырушы" иерархиясы бойынша әрекет еткен.

Фигуранттар тәулік бойы есірткі тұтынушыларды марихуана, гашиш, каннабис шайыры және тағы да басқа каннабис тобының есірткілерімен қамтамасыз еткен. Ұсынылған ассортиментте каннабис шайыры салынған печеньелер болған. Әрқайсысының салмағы 100 граммнан болатын 238 дана ерекше кондитерлік өнім тәркіленді.

Күдіктілердің тұрғылықты жерлері бойынша жүргізілген тінту іс-шаралары барысында 12 келіге жуық түрлі есірткі заттары, оның ішінде 8 келіден астам марихуана, 1,5 келі гашиш және 2 келі каннабис шайыры тәркіленді.

– Бұдан бөлек, ірі көлемдегі қолма-қол ақша, банк карталары, ұялы телефондар, электронды таразылар, брикеттер, вакуумдау мен өлшеп-орауға арналған құрылғылар, түрлі-түсті оқшаулағыш таспалар және өзге де заттай дәлелдемелер тәркіленді.

Ұсталғандарға қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 297-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. ІІМ есірткі бизнесін ұйымдастырушыларға және есірткі жеткізу арналарына қарсы мақсатты  іс-шараларды жалғастырады, – деді ІІМ есірткі қылмысына қарсы комитетінің басқарма бастығы Бақытжан Әмірханов.

Күдіктілер қамауға алынды. Тергеу жалғасып жатыр. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу