Орталық сайлау комиссиясы Құрылтай депутаттарын сайлауға 86 халықаралық байқаушыны аккредиттеді. Бұл туралы ОСК төрағасының орынбасары Мұхтар Ерман мәлімдеді, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Бұған дейін ОСК бірқатар халықаралық ұйымдардың байқаушыларын аккредиттеген болатын. Олардың қатарында ЕҚЫҰ-ның Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросы (ДИАҚБ), ТМД байқаушылар миссиясы, ТМД Парламентаралық ассамблеясы, ЕҚЫҰ Парламенттік ассамблеясы және ҰҚШҰ Парламенттік ассамблеясының өкілдері бар.
Сонымен қатар Грузия, Иран, Швеция, Қырғызстан, Палестина, Венесуэла, Венгрия және басқа да бірқатар мемлекеттердің өкілдері аккредиттеуден өтті.
ОСК мәліметінше, халықаралық байқаушыларды аккредиттеу 17 тамызға дейін жалғасады. Осы мерзімге дейін жаңа миссиялар мен шетел мемлекеттерінің өкілдері келеді деп жоспарланып отыр.
Қазақстанда Құрылтай депутаттарын сайлау 23 тамыз күні өтеді.