ОСК мүшелері Ақтөбе және Жетісу облыстарында Құрылтай сайлауына дайындық барысын тексерді

271

Ақтөбе облысында Құрылтай сайлауын өткізуге 3 557 комиссия мүшесі бар 539 сайлау комиссиясы жұмылдырылады.  

ОСК мүшелері Ақтөбе және Жетісу облыстарында Құрылтай сайлауына дайындық барысын тексерді Фото: election.gov.kz

Инспекциялық сапарлар аясында 6-7 тамыз күндері Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Шавхат Өтемісов Ақтөбе облысында, ал Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Азамат Айманақұмов Жетісу облысында болды, деп жазады inbusiness.kz сайты.

ҚР Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Шавхат Өтемісовтің Ақтөбе облысына жұмыс сапары барысында Байғанин ауданының Қарауылкелді ауылындағы 6 сайлау учаскесінің және Ақтөбе қаласындағы сайлау учаскелерінің дауыс беруді өткізуге дайындығы, кедергісіз орта жағдайының қамтамасыз етілуі, сондай-ақ сайлау комиссиялары мүшелерінің даярлық деңгейі негізгі назарда болды

Ол мүгедектігі бар адамдардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі мониторингтік топтың мүшелерімен кездесті. Талдау барысында мониторингтік топ мүшелері мүгедектігі бар азаматтардың дауыс беруіне қолайлы әрі сапалы жағдай жасауды қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударуды жоспарлап отыр.

"Дәстүрлі түрде сайлауға дайындық кезеңінде біз бұл жұмысқа мүгедектігі бар адамдардың қоғамдық бірлестіктерінің өкілдері мен мүдделі мемлекеттік органдарды тартамыз. Олардың қатысуы сайлау учаскелеріндегі жағдайға объективті баға беруге, азаматтардың нақты қажеттіліктерін ескеруге және ықтимал кедергілерді жою бойынша дер кезінде шаралар қабылдауға мүмкіндік береді. Дауыс беру күні әрбір азаматтың денсаулық жағдайына қарамастан, өзінің сайлауға қатысуға қатысты конституциялық құқығын дербес әрі тең жағдайда жүзеге асыруы маңызды", – деп атап өтті Шавхат Өтемісов.

Мониторингтік топ мүшелері алдағы жұмыс жоспарларымен бөлісіп, сондай-ақ есту қабілеті бұзылған адамдар үшін ақпараттың қолжетімділігін арттыруға бағытталған бірқатар ұсыныстарын ортаға салды.

Жұмыс сапарының тағы бір басым бағыты сайлау комиссиялары мүшелерінің практикалық даярлығы болды. Орталық сайлау комиссиясының хатшысы аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларының 100 мүшесіне арналған оқыту семинарына қатысып, Орталық сайлау комиссиясы тарапынан еліміздің барлық өңірінде енгізілген каскадты оқыту моделінің аталған өңірде тәжірибеде жүзеге асырылу барысымен танысты.

Инспекция қорытындылары және сайлауға одан әрі дайындық мәселелері Шавхат Өтемісовтің төрағалығымен өткен кеңесте қаралды. Кеңеске аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы, жергілікті атқарушы, құқық қорғау және өзге де мемлекеттік органдардың басшылары қатысты.

Азаматтарды ақпараттандыру мәселесіне де ерекше ден қойылды. 7 тамыздан бастап сайлаушыларға дауыс беруге құқығы бар азаматтардың тізіміндегі өз деректерін тексеруге, сондай-ақ электрондық сервистер арқылы өзінің сайлау учаскесінің нөмірі мен мекенжайын білуге мүмкіндік берілді.

Онлайн-сервис GOV.KZ порталында, сайлау науқанының мамандандырылған интернет-ресурстарында және eGov Mobile мобильді қосымшасының "Танымал қызметтер" бөлімінде қолжетімді. Пайдаланушылардың қолайлылығы үшін сервистерге QR-кодтар арқылы да қол жеткізу мүмкіндігі ұйымдастырылған.

Жетісу облысында 479 сайлау комиссиясы құрылып, олардың құрамында 2 989 комиссия мүшесі жұмыс істейді. Сайлаушылар саны  – 443 220 азамат.

Инспекциялық бағдарлама Талдықорған және Текелі қалаларын, сондай-ақ Ескелді ауданын қамтыды. Бұл өңірлерде Орталық сайлау комиссиясы мүшесінің жұмысы сайлау учаскелерінің дауыс беруге дайындығын бағалаумен қатар, учаскелік сайлау комиссияларының өз қызметінің алғашқы күнінен бастап практикалық жұмысқа қаншалықты дайын екендігіне де бағытталды. Атап айтқанда, азаматтарды ақпараттандыруды ұйымдастыру, сайлаушылар тізімдерін нақтылау, дауыс беруге қажетті жағдайларды қамтамасыз ету және сайлау рәсімдерін заңнама талаптарына сәйкес қолдану мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Орталық сайлау комиссиясының мүшелері инспекциялық сапарлармен еліміздің барлық өңірін аралайды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу