Таңертең Республика алаңында қазақтың ұлттық киімін киген 5201 домбырашы бір мезетте "Ақбұлақ" әнін орындады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Олардың ішінде аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов та болды. Бұл ресми түрде Гиннесстің рекордтар кітабына енді. Әлемдік рекордты растайтын сертификат облыс әкіміне салтанатты түрде табысталды.
Жалпы әз Наурызға орай орталық алаңда 10 ақшаңқан киіз үй тігілді. Қала тұрғындары мен қонақтарына арналған мерекелік бағдарлама мазмұнды әрі алуан түрлі. Концерт қойылып, ұлттық ойындар ойнатылып, жәрмеңкелер ұйымдастырылған.
"Баршаңызды Ұлыстың ұлы күнімен шын жүректен құттықтаймын! Әз-Наурыз - береке мен бірліктің, ырыс пен ынтымақтың бастауы, жақсылықтың жаршысы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен төл мерекеміз жаңа мазмұнда, жаңа сипатта тойланып келеді. Әр шаңыраққа құт-береке, шаттық пен қуаныш тілеймін. Ұлыс оң болсын! Ақ мол болсын!", – деді Нұрымбет Сақтағанов.
Айта кетейік, күндізгі концерттік бағдарлама аясында "Алашұлы", Bayansulu және Гүлнұр Салбанова сынды танымал әншілер мен шығармашылық ұжымдар сахнада өнер көрсетеді.