Өскеменде алып құрақ тігілді

199

Еліміздегі 17 облыс бір көрпеде бедерленді.  

Өскеменде алып құрақ тігілді Фото: altainews.kz

Өскемен қаласында Халықаралық отбасы күніне орай рухани-мәдени жоба басталды, деп жазады inbusiness.kz сайты Altainews.kz-ке сілтеме жасап.

Республикамыздың 17 облысынан келген құрақшылар "Шығыс Алтай" стадионында ұзындығы 2 шақырымнан асатын алып құрақ көрпе тігіп, оны халықаралық рекордтар кітабына енгізуді жоспарлап отыр.

"Аламан құрақ көрпе" фестивалінде еліміздің әр өңірінен әкелінген құрақтар біріктіріліп, ұзындығы екі шақырымнан асатын алып құрақ көрпе құрастырылуда. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл туынды "Global Best of Records" халықаралық рекордтар кітабына енгізілуі мүмкін. Аталған басылым әлемдегі ірі жетістіктер тіркелетін беделді тізілімдердің бірі саналады.

Бастаманың басты мақсаты – қазақ халқының ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан құрақ құрау өнерін жаңа деңгейде насихаттау. Жоба ұлттық құндылықтарды дәріптеп қана қоймай, ұрпақтар сабақтастығын нығайтып, өңірлер арасындағы мәдени байланысты күшейтуді көздейді.

Іс-шара барысында қолөнер шеберлері мен еріктілер түрлі түсті маталардан құрақ құрап, ортақ көрпенің бір бөлігіне өз үлестерін қосуда. Әр құрақ бөлігінде қазақы өрнек, ұлттық нақыш пен өңірлік ерекшелік көрініс тапқан. Ұйымдастырушылардың сөзінше, алып көрпе халық бірлігі мен ынтымағының символына айналмақ.

Құрақ құрау – қазақ мәдениетіндегі терең мағынасы бар көне қолөнер түрлерінің бірі. Ол үнемшілдіктің, шеберліктің және отбасы жылуының белгісі ретінде бағаланады.

Сондықтан да Халықаралық отбасы күні қарсаңында қолға алынған бұл жоба ұлттық мұраны дәріптеудің жарқын үлгісі ретінде көпшіліктің қызығушылығын тудырып отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу