Өскемен қаласында порнография дайындағаны және таратқаны үшін ұйымдасқан қылмыстық топтың 14 мүшесіне үкім шықты, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Шығыс Қазақстан облыстық прокуратурасының мәліметінше, Өскемен қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында порнографиялық материалдарды дайындау және тарату фактісі бойынша қылмыстық істі қарау аяқталды.
"Тергеу барысында 2018 жылдан 2024 жылға дейін ұйымдасқан қылмыстық топтың 14 мүшесі елдің бірнеше аумағында заңсыз әрекет ете отырып, тұрақты кіріс алғандары анықталды", – делінген ақпаратта.
Мемлекеттік айыптау сотқа сотталушылардың айыпталған қылмыстарға қатысы бар екендігі туралы бұлтартпас дәлелдер ұсынды.
Сот ұйымдасқан қылмыстық топтың 14 мүшесінің кінәсі толық дәлелденді деп танып, оларға әртүрлі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындады.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.