Өскеменде трамвайлардың тең жартысы жүрмей тұр

948

Қазір трамвай паркінің балансында барлығы 45 трамвай бар.

Өскеменде трамвайлардың тең жартысы жүрмей тұр

Өскемен қаласында қазір трамвай паркінің балансында барлығы 45 трамвай бар. Алайда бүгінде олардың тең жартысы, яғни 23-і ғана қызмет көрсетуде. Кеше жолға 15 трамвай шыққан, деп хабарлайды kaz.altaynews.kz.
Мамандардың айтуынша, қазіргі уақытта кәсіпорынның түйіні тарқамай тұрған бірнеше мәселесі бар. Ең алдымен, істен шыққан вагондарды жөндеу проблемасы туындауда. Бұған қоса қаладағы трамвай жолдарының сапасы да сын көтермейді. Сонымен қатар кәсіпорынның өзі де жөндеу жұмыстарын қажет етуде. Соңғы рет трамвай паркінде мұндай жұмыстар шамамен 20 жыл бұрын жүргізіліпті.

Қала әкімі Жақсылық Омар бұл мәселелердің шешімін табу-таппауы кәсіпорын басшылығының өзіне де байланысты дейді.

"Рас, мәселе жоқ емес, бар. Алайда, оның бәрін де шешуге болады. Әңгіме басқада, өкінішке қарай, сіздердің тараптарыңыздан қала тұрғындары үшін маңызы зор істі тезірек реттеуге деген құлшынысты көріп тұрған жоқпын. Қазір ең бастысы трамвайларды тезірек жолға шығаруымыз керек. Себебі, бұл техниканы сатып алу үшін мемлекеттік қазынадан қыруар қаржы жұмсалды, соны түсініңіздер. Неге техниканы іске қоса алатын мамандарды іздемейсіздер? Сіздерден компанияның жұмысын қалай жандандыруға болатыны туралы бірде-бір ұсыныс ести алмадым. Сондықтан мәселені ушықтырмай, дер кезінде шешудің жолдарын қарастырайық. Өйткені, бұл істі өзімізден басқа ешкім реттей алмайды", – деді Жақсылық Омар.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу