Өскеменде ядролық отын банкі ашылды

1606

Өскеменде ядролық отын банкі ашылды

Үлбі металлургиялық зауыты аумағында орналасқан ядролық отын банкінің нысаны бар-жоғы бір жыл ішінде ел үкіметі мен Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік (АЭХА) арасындағы келісім аясында салынып шыққан. Бүгін оның салтанатты ашылу рәсімі өтеді, деп хабарлайды altaynews.kz.

Мамандардың айтуынша, бұл ғимарат 8 балдық зілзалаға төтеп бере алады. Ол температуралық және радиологиялық датчиктермен жабдықталған. Уранның гексафториді қалыңдығы 12 санимтерлік өте төзімді болат цилиндрларда сақталатын болады. Сақталатын отынның жалпы мөлшері 90 тоннаны құрамақ.

"Біз бірегей банкті ашқалы отырмыз, өйткені мұнда сақталатын материал Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттікке тиесілі. Мұндай банк әлемнің басқа ешбір жерінде жоқ. Материалды АЭХА өзі сатып алады және агенттік оны өз қалауы бойынша басқаратын болады", – деп мәлімдеді "ҮМЗ" АҚ сату бойынша директоры Александр Ходанов.

Ғимаратты АЭХА техникалық талаптарын ескере отырып, жергілікті құрылысшылар салған. Банкті тұрғызуға 700 миллион теңге жұмсалыпты, қаржының жартысынан көбін Атом энергиясы жөніндегі агенттік төлеген. Уран гексафторидін бейбіт ядролық технологияларды дамытуды көздеп отырған, алайда тиісті технологияларға ие емес елдер ала алады. Банкті құрудағы басты мақсат та сол – мемлекеттерді байыту технологиясын дамыту жолында уақыт пен ақша кетірмеуге көндіру, себебі аталмыш технологиялар әскери пиғылда қолданылуы да ықтимал.

"Біздің қойма өрт қауіпсіздігі және радиологиялық өлшеу аспаптарымен жарақталған. Уран гексафторидімен біз бұрыннан жұмыс істейміз. Тәжірибеміз мол. Елу жыл ішінде аталмыш зат салынған баллондарға қатысты бірде-бір оқыс оқиға болған емес. Сонымен қатар, бізде радиобелсенді заттармен жұмыс істеуге машықтанған арнайы бригада бар", – деп түсіндірді "ҮМЗ" АҚ өндіріс қауіпсізді жөніндегі директоры Сергей Сидоров.

Ел үкіметі мен АЭХА арасындағы Өскеменде ядролық отын банкін салу бойынша түпкілікті келісімге 2015 жылы қол қойылған-ды. Оған дейін келіссөздердің 25 раунды өткізілген болатын.

Тілшілерге әзірше қойманың бос тұратыны айтылды. Жыл соңына дейін АЭХА ядролық отын сатып алу туралы құжаттарды әзірлейді. Тек келер жылы ғана төмен байытылған уранның партиялары осында жеткілмек.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу