Өскемендегі "Самал" саябағында жаңа құтқару станциясы пайдалануға берілді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Нысанды Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі, генерал-лейтенант Шыңғыс Әрінов ашты. Салтанатты шараға Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов қатысты.
Бұған дейін бұл аумақта 1970 жылдары салынған құтқару станциясы жұмыс істеген. Бірнеше онжылдықтан кейін оның орнына тәулік бойы қызмет атқаруға мүмкіндік беретін заманауи нысан салынды.
Модульдік станция Ертіс өзенін тұрақты бақылап, судағы төтенше жағдайларға жедел әрекет етуге мүмкіндік береді. Мұнда бақылау пункті, жұмыс және тұрмыстық бөлмелер қарастырылған. Нысан жүзу құралдарымен, байланыс және құтқару жабдықтарымен қамтамасыз етілген.
Шомылу маусымы басталғалы бері осы учаскеде құтқарушылар бес адамға көмек көрсеткен.
Салтанатты шарада құтқару бөлімшесіне станцияның символикалық кілті мен жаңа техниканың кілттері табысталды. Гарнизон жоғары өтімді өрт сөндіру және жедел-құтқару көліктеріне ие болды.
Жобаны жүзеге асыруға үлес қосқан мамандар ТЖМ наградаларымен марапатталды.