Олжас Бектенов инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі кеңес өткізді

191

Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі мәлім етті.

Олжас Бектенов инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі кеңес өткізді Фото: Үкімет

Премьер-министр Олжас Бектенов АҚШ, Еуропалық Одақ пен Канада елшіліктерінің, Америка Сауда палатасы басшылығының, сондай-ақ Johnson&Johnson, Pfizer, AstraZeneca, Kazanada LLP, La Roche сияқты және басқа да халықаралық компаниялардың өңірлік директорларының қатысуымен денсаулық сақтау саласын дамыту мәселелері бойынша Инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі кеңестің отырысын өткізді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында ұлт денсаулығын нығайту бойынша кешенді шараларды жүзеге асыру қажеттігін атап өтті. Аталған міндеттің маңыздылығын ескере отырып, Үкімет денсаулық сақтау жүйесін жетілдіру бойынша барлық шараны қабылдауда. Біз инвестиция көлемін арттыруды, өндірісті локализациялауға, инвесторлардың қатысуымен жоғары деңгейде өңделген өнім шығаратын кластер құруға ниеттіміз. Кеңес аясындағы белсенді өзара іс-қимыл мен пікір алмасу еліміздегі денсаулық сақтау саласын дамыту және іскерлік белсенділікті арттыру жөніндегі бірлескен күш-жігерімізге қосымша серпін беретініне сенімдімін", - деп атап өтті Олжас Бектенов.

Қазақстанда ауылдық елді мекендерді және алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсетуді нығайтуға баса назар аудара отырып, медициналық инфрақұрылымды ауқымды жаңғырту жүргізілуде.

"Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту" ұлттық жобасы аясында ауылдық елді мекендерде медициналық 467 нысан салынды. Аудандардағы көпсалалы ауруханаларды түбегейлі жаңғырту жалғасуда.

Барлық процесті, соның ішінде амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді кезең-кезеңімен цифрландыру арқылы цифрлық шешімдер белсенді түрде қолданылуда. Ауруларды диагностикалау, дәрігерлер мен науқастар үшін дербестендірілген ЖИ-көмекшілерді пайдалану үшін жасанды интеллект технологиясы енгізілуде.

Медициналық деректердің бірыңғай қоймасы құрылуда, ол дәрігерлік мәліметтердің толықтығы мен сапасын бақылау арқылы 100% қамтуға қол жеткізуге мүмкіндік береді.

Фармацевтикалық өндірісті локализациялауды ынталандыру шараларына назар аударылды. 2029 жылға қарай дәрі-дәрмек пен медициналық мақсаттағы бұйымдардың отандық өндірісі үлесін 50%-ға дейін арттыру мақсатында Үкімет еліміздің бизнес ахуалын жақсарту жөніндегі жұмысты күшейтті.

Заңнамада салық жеңілдіктерін, заттай гранттарды, ұзақмерзімді келісімшарттарды және басқасын қоса алғанда, инвестициялық преференциялар көзделген. Дәрілік заттардың нарыққа шығуы туралы заңнама 2 жылдан 100 жұмыс күніне дейін жеңілдетіледі. 34 өндірушімен фармацевтикалық өнімнің 2,5 мыңға жуық түрін өндіруге 90 ұзақмерзімді келісімшарт жасалды.

Pfizer, AstraZeneca, Roche және басқалары сияқты әлемдік жетекші фармацевтикалық компаниялармен технологиялар трансфертін және кдрларды оқытуды қоса алғанда, инновациялық препараттар өндірісін локализациялау үшін белсенді өзара іс-қимыл жолға қойылды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу