Отандық фильм халықаралық кинофестивальдің лауреаты атанды

76

Фильмнің режиссері әрі продюсері Жаннат Алшанова "Копродукция" санатында "Ең үздік балтық өңірі продюсері" жүлдесін иеленді.  

Отандық фильм халықаралық кинофестивальдің лауреаты атанды Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

21 қарашада Таллин қаласында өткен "Қара түндер" (Tallinn Black Nights Film Festival, PÖFF) халықаралық кинофестивалінің жабылу салтанатында қазақстандық "Победителей видно на старте" (Becoming) фильмі беделді марапатқа ие болды, деп жазады inbusiness.kz сайты. 

Жаннат Алшанованың толықметражды дебюттік жұмысы – "Accidental Films" ЖШС түсірген картина. Фильм Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен түсірілді. Жоба халықаралық ынтымақтастық аясында Францияның (Films de Force Majeure), Нидерландтың (Volya Films), Литваның (M-Films), Швецияның (Kjellson & Wik) продюсерлік компанияларымен және Сауд Арабиясы Корольдігінің қолдауымен түсірілген.

Фильмде 17 жастағы Мила есімді қыздың оқиғасы баяндалады. Ол жүзгіштер командасына қосылғысы келеді. Сөйтіп еркін өмір сүріп, отбасындағы қиындықтан құтылмақ болады. Алайда мәреге жетер тұста оның өмірін өзгертетін таңдау жасауға тура келеді. Фильмде басты рөлдерді актриса Тамирис Жанғазинова, литвалық актер Валентин Новопольский, Әсел Қалиева және Медина Сағындықова ойнайды.

Фильмнің әлемдік премьерасы 2025 жылдың тамыз айында Локарно халықаралық кинофестивалінде өтті. Кейін туынды Оңтүстік Кореядағы Пусан халықаралық кинофестивалінің бағдарламасына енді.

Бұл марапат қазақстандық киноға деген қызығушылықтың артып келе жатқанын көрсетіп, салаға бөлінген мемлекеттік қолдаудың нәтижелі екенін айқындайды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу