Қазақстанға ғылымға бөлінетін қаражат көлемі ұлғайып, ғалымдарды қолдау шаралары артты. Бұл ғылыми әзірлемелердің өндіріс пен нарыққа көбірек жол тартуына серпін береді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Қазіргі таңда Қазақстанда ғылыммен айналысатын 28 мыңнан астам маман бар. Олардың 14 мыңы – жас ғалым. Ресми мәліметке сүйенсек, ғылыми қызметкерлер қатары жыл санап артып келе жатыр. Айта кету керек, зерттеушілердің жартысына жуығы – 40 жасқа дейінгі ғалымдар.
Мемлекет жас ғалымдарды қолдауға айрықша назар аударып отыр. Осы уақытқа дейін 800-ден астам жас ғалым қоныс той тойлады. Сондай-ақ ғылыми дәрежесі мен атағы бар қызметкерлерге төленетін үстемеақы көлемі де ұлғайған.
"Ғылым – тұтас адамзаттың игілігіне қызмет ететін теңдессіз құндылық. Сондықтан білімде шекара жоқ, болмауға да тиіс. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстан барлық елмен зияткерлік байланысты ұлғайтуға ұдайы баса мән береді. Бұл ретте еліміздің білім және ғылым саласын дамытуға елеулі үлес қосып келе жатқан университет басшыларына, ғалымдарға, оқытушыларға және барша әріптестерімізге тағы да алғыс айтамын. Алдағы уақытта да бірлесіп көптеген озық бастамаларды жүзеге асырып, өзара пайдалы байланыстарымызды жаңа деңгейге көтереміз деп сенемін", – деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев III Стратегиялық серіктестер форумында сөйлеген сөзінде.
Мемлекет басшысының сөзінше, соңғы жылдары ғылымды қаржыландыру көлемі 590 миллион долларға жеткен.
Қазақстан биылғы Жаһандық инновациялық индекстің нәтижесі бойынша 8 сатыға жоғарылады. Осылайша, 139 елдің ішінде 73-орынға тұрақтады. Ғылым және жоғары білім министрлігі атап өткенде, бұл – соңғы онжылдықтағы ең үздік көрсеткіш. Еліміз аймақтағы көшбасшылық мәртебесін тағы да нығайта түсті.