Отандық компаниялар елдегі шай мен кофе сұранысының 30% ғана жауып отыр

703

Қазақстанда бір жылда шай 12%, кофе 5% қымбаттады, деп хабарлайды inbusiness.kz порталы energyprom.kz зерттеуіне сілтеме жасап.

Отандық компаниялар елдегі шай мен кофе сұранысының 30% ғана жауып отыр

2021 жылдың қаңтары мен маусымы аралығында елде өңделген шай мен кофенің 9,3 мың тоннасы өндірілді. Бұл – бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 7,2% көп. Аймақтарды бөліп қарағанда өндірістің басым бөлігі Алматыға тиесілі: 61,1% немесе 5,7 мың тонна. Әйтсе де бұл көрсеткіш бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 13,9% аз. Аталмыш бағытта өңірлердің үштігіне Шымкент қаласы (2,4 мың тонна) мен Қарағанды облысы (694 тонна) кіреді.

Жалпы 2020 жылы шай мен кофе өндірісі елде 16,9%, 20,6 мың тоннаға дейін артты.
Отандық компаниялар биылғы бес айдың қорытындысы бойынша шай мен кофенің ел ішіндегі сұранысын бар-жоғы 30,1% деңгейінде қанағаттандырып отыр. Тиісінше импорт үлесі – 69,9%. 2020 жылдың қаңтары мен мамыры аралығында елге 18,4 мың тонна шай мен кофе әкелінген. Жыл басынан бері Қазақстанға жалпы сомасы 50,2 млн доллар болатын 14 мың тонна шай импортталды. Импорт өсімі 12,2% деңгейінде болды. ТМД елдерінің ішінен жалпы құны 8,8 млн АҚШ долларына 1,5 мың тонна шай әкелінді. Бұл тұрғыда импорттың басым бөлігі Ресейге (1,4 мың тонна) тиесілі. Ал ТМД елдерінен тыс басқа елдерден жалпы сомасы 41,4 млн АҚШ долларына 12,6 мың тонна шай жеткізілді. Бұл тұрғыда негізгі тасымалдаушы Кения (6,2 мың тонна) мен Үндістан (4,7 мың тонна) болып отыр.

2021 жылдың шілде айында қара байха шайының келісі елдің дүкендерінде 3,7 мың теңгеден сатылды. Ірі қалалардың ішінде ең қымбат бағаны Қарағандыдан (келісі 4 мың теңге), Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент (келісі 3,9 мың теңге) қаласынан кездестіруге болады. Шайдың ең арзаны (келісі 3,4 мың теңге) Қызылордада сатылады.

Аян Бекенұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу