Жалғыз акционері Air Astana болып табылатын бюджеттік әуекомпания Fly Arystan 2025 жылдың қорытындысы бойынша жолаушылардан артық багаж үшін 1,5 млрд теңге алды. Бұл туралы тасымалдаушының қаржылық есептілігінде жазылған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Лоукостер стандартты билет құнына салмағы 7 келіге дейін, өлшемі 56×23×35 см-ден аспайтын шағын қол жүгін ғана қосады. Егер нормадан асса, жолаушы қосымша багажды тасымалдаушының сайтында немесе мобильді қосымшасында алдын ала төлегенге қарағанда әлдеқайда көп төлейді.
Сонымен қатар әуекомпанияда Fly Arystan басшылығының сыйақысы – жалақысы мен бонустары – 2025 жылы 1,3 млрд теңге болғанын мәлімдеді. Бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 820,7 млн теңге еді.
2025 жылдың қорытындысы бойынша Fly Arystan 4,5 млрд теңге шығынға ұшырады, ал 2024 жылы шығын 3,6 млрд теңге болған, яғни бір жылда 27%-ға өскен.
Сонымен бірге әуетасымалдаушының 2025 жылғы түсімі 203,1 млрд теңгеге жетті, бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 36,8 млрд теңге еді – 5,5 есе өсім. Бұл соманың 173,8 млрд теңгесі жолаушылар тасымалына тиесілі.
Лоукостер қараша айында әуе паркін Airbus A320neo ұшағымен толықтырады. Fly Arystan акция орналастыру арқылы 8 млрд теңге қаржы тартуды жоспарлап отыр. Бұл шешімді авиатасымалдаушының жалғыз акционері – Air Astana тобы қабылдап, тиісті хабарламаны Қаржылық есептілік депозитарийінің сайтында жариялады.
Айта кетейік, FlyArystan лоукостері 2018 жылдың қарашасында құрылған, ол – Air Astana авиакомпаниясының 100% еншілес кәсіпорны. 2024 жылы Қазақстанның Авиациялық әкімшілігінен жеке әуе пайдаланушысы сертификатын (AOC) алды.
2026 жылдың 1 наурызынан бастап FlyArystan президенті болып бұған дейін Wizz Air компаниясында қызмет атқарған Йохан Эйдхаген тағайындалды.