Отандық машина жасаушылар шетелдік әріптестерімен байланысты нығайтпақ

897

Отандық машина жасаушылар шетелдік әріптестерімен кездесіп, саладағы мәселелерді талқыға салды, деп хабарлайды inbusiness.kz.  

Отандық машина жасаушылар шетелдік әріптестерімен байланысты нығайтпақ

Қазақстандық және шетелдік машина жасау кәсіпорындары басшыларының кездесуі Мәскеудегі "Металл өңдеу-2021" халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында өтті.

"Жиында Қазақстанның Ресейдегі сауда өкілінің орынбасары Дамир Әділбеков қос ел ынтымақтастығының әлеуеті зор екенін, елімізде әлеуетті инвесторлар үшін тартымды жағдай жасалғанын атап өтті.

ҚМЖО төрағасының орынбасары Ерқанат Мақанов Қазақстандағы машина жасау өнімінің өндіріс көлемі мен импорт көлемінің оң динамикаға ие екенін, өнеркәсіптік кооперация перспективалары және мұнай-газ, тау-кен металлургиясы және ауыл шаруашылығы машинасын жасауда өзара тиімді ынтымақтастық орнатуға болатынын жеткізді", - деп жазылды Қазақстан машина жасаушылар одағының баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Сондай-ақ кездесуде Алматы ауыр машина жасау зауытының бас директоры Жетпісбай Едігенов ресейлік компанияларды құю, шыңдау және қалыптау өндірісі бойынша базалық кәсіпорындарды дамыту саласында байланыс орнатуға шақырды.

"Болат және сұрыпты прокат Қазақстан мен Ресей арасындағы өнеркәсіптік басым тауар болып саналады. Қазақстандық машина жасаушыларды қолайлы шарттар негізінде металмен қамтамасыз ету үшін бірлесіп әрекет ету керек", - деді басшы.

Іс-шара соңында қазақстандық делегация шетелдік әріптестерін 2021 жылғы 22-24 қыркүйек аралығында Нұр-Сұлтанда өтетін "Kazakhstan Machinery Fair 2021" І халықаралық мамандандырылған көрмесіне шақырды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу